Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 03.05.2022

Тәулік тынысы 03.05.2022

   Қазақстанда кибербуллингке қатысты заң қабылданды. Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заңға  қол қойды. Құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағында балаға зиян келтіретін ақпаратты таратуға тыйым салынады. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың интернет-ресурстармен өзара іс-қимыл тетігі өзгертіледі. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен  Алматы облысының Қапшағай қаласы Қонаев қаласы деп қайта аталды. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Осылайша, Қапшағай қаласының атауы ресми түрде Қонаев болып өзгерді.

*****

Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасын қабылдады. Қабылдауда Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметтегі бюрократияны азайту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайлы есеп беріп, қызметке тұру мен одан шығу кезіндегі процестерді жеңілдету керектігін айтты.

*****
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан мен Түркия басшылары бірін-бірі Ораза айт мерекесімен құттықтады және бауырлас екі халықтың өсіп-өркендеп, жетістікке жетуіне тілектестік білдірді. Тараптар  сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мән бере отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін дамытудың келешегін талқылады. Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10-11 мамырда Түркияға жоспарлаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті кеңейтудің маңызды белесі болатынын айтты.

*****

Қаңтар оқиғасы кезінде «Көктөбе» телемұнарасын басып алмақ болған азамат ұсталды. Ол стратегиялық нысан арқылы телеарналарға бақылау орнатып, халықты көшеге шығуға үгіттемек болған. Жалпы қазір қаңтар оқиғасы бойынша 288 қылмыстық істің тергеу жұмыстары аяқталып, сотқа жолданды,-дейді  Бас прокуратура 1- қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

*****

Ал Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті басшысының сөзінше сотқа жолданған істер бойынша азаматтарға 100 млн теңгенің шығыны қайтарылған.  Жалпы құны 340 млн теңге болатын ұрланған мүлік тәркіленді. Сондай-ақ қолды болған қару-жарақты анықтау жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінде мың жарымға жуық қару табылып, қайтарылды. Санжар Әділовтің мәліметінше, қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ауыр қылмыс жасады деген 150 адам күзетпен ұстауда отыр.
*****

Қаңтар оқиғасында зардап шеккен алматылық кәсіпкерлердің 95%-ы өтемақысын алды. Бизнеске келтірілген залалды есептеу бойынша өңірлік комиссия жалпы сомасы 11 млрд теңгеден астам 1500-ге жуық өтінімді мақұлдады. Зардап шеккен кәсіпкерлердің 95 пайызы өтемақысын алды, қазір олар жұмыстарын жалғастыруда. І-тоқсанның қорытындысы бойынша Алматының экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділігі қалпына келе бастаған. Қаңтардағы оқиғалардан кейін қаладағы сауда және қызмет көрсету саласы да реттеліп келеді.  

*****

Елімізде 200 мыңнан аса қатардағы жұмысшының табысы артады. Бұл өндіріс саласындағы адамдарға ғана түзілген жоспар. Бүгін вице-премьер Ералы Тоғжановтың  төрағалығымен Халық табысын арттыру кешенді жоспарын іске асыру жолдары таныстырылды. Жалпы бағдарламаны  іске асыру үшін 197 млрд теңге жұмсалады. Оның  шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау бойынша 3 негізгі бағытта жұмыс жүргізіледі.  Межелі жылға дейін елімізде 2 млн жұмыс орны құрылады,-дейді Ералы Тоғжанов.
*****

Каспий құбыр консорциумының жұмысы қалпына келді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, екі жылжымалы айлақ қондырғысы жөнделіп,  іске қосылды. Бұл өз кезегінде мұнай құбырларының қуаттылығын 100 пайыз қамтамасыз етуге жеткілікті. Тағы бір апатты болған жылжымалы айлақ қондырғысы жөндеуде тұр.  Бұл қондырғы осыған дейін жоспарлы жөндеуге тапсырылуы тиіс еді. Сондықтан ондағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді Болат Ақшолақов.

*****

1-сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті.  Оның  160 мыңнан астамы электронды форматта қабылданды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған және egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Құжат қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады.