Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 26.05.2022

Тәулік тынысы 26.05.2022

Қырғыз еліне ресми сапармен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен кездесіп, екі ел арасындағы мәселелер жайлы сөйлесті. Қос президент әуелі екеуара әңгімелесіп, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз халқын бауырлас, туысқан деп атап, елдеріміз стратегиялық серіктес екендігін айтты.

*****

Қос Президенттің шағын құрамдағы жүздесуі кеңейтілген жиынға ұласты. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-саттығы 1 млрд долларға жуықтаған. Биыл да алыс-беріс көбейіп отыр. Бүгінде қос елде 600-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Екі ел өзара өңіраралық қарым-қатынасты дамытады. Бүгін мемлекет басшысының Бішкекке жасаған ресми сапары барысында оннан астам құжатқа қол қойылды, соның ішінде Алматы мен Ыстықкөл, Түркістан мен Ош, Жамбыл мен Талас аймақтарының арасын жақындастыру туралы келісімдер бар. Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар таситын делдалдарды азайтып, тұтыну тауарларының құнын қымбаттатпау үшін «Қарасу»-«Ақ тілек» бақылау тексеру пунктінде сауда-логистикалық орталық салу туралы меморандумға қол қойды. Сауда және интеграция министрлігі алдағы 3 жылда құрылысын аяқтап, іске қосады. Жалпы қол қойылған құжаттардың ішінде қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы, авиациялық құтқаруға қатысты келісімдер бар.

*****

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапары аясында Садыр Жапаровпен бірге Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына онлайн-форматта қатысты. Жиынға Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Беларусь Премьер-министрі Александр Головченко бейнебайланыс режимінде қатысты. Форум «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық экономикалық интеграция. Инвестициялық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта өттті. Іс-шараға қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ аясында энергетика, өнеркәсіп, көлік, қаржы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективаларына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан еуразиялық интеграцияның іскерлік әрі прагматикалық негізде дамығанын жақтайтынын білдіріп, экономикалық одақты дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.  
*****

Конституциялық реформалардың барлық салаға қатысы бар. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуде айтты. Ерлан Қошанов бүгінде Парламент кез-келген ауданның бюджетін тексере алмайтынын, Парламент депутаттарында мұндай өкілеттік жоқ екенін айтты. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, өңірлерге республикадан қыруар қаржы бөлінуде. Ал ел бюджетін бекітетін орган үшін оның қалай жұмсалатынын түсіну керек. Енді Есеп комитеті мен барлық тексеру комиссиялары Аудиторлық палатаға біріктіріліп, жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында жария түрде есеп береді. Бұл Мәжіліске бақылауды күшейтуге берілген мүмкіндік. Осылайша  республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерді бақылай алады, – деді Палата Спикері.

*****

Орталық референдум комиссиясы 31 мамыр күні жастар өкілдерімен кездеседі. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, «Референдум және жастар» тақырыбымен өтетін кездесуде жастарға референдумның мән-маңызы айтылып, Ата заңға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні түсіндіріледі.
*****

Министрлер халықпен кездесуде баяндама жасау уақытын қысқартып, азаматтардың сұрақтарына көбірек уақыт бөледі. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлердің халықпен кездесуінің 2022 жылға арналған кестесін бекітті. Аталған кездесулер кезінде министрлер өз саласы бойынша азаматтарды жеке қабылдайды. Бірінші кезекте жергілікті деңгейде шешімін таппаған және ведомствоаралық тәсілдерді қолдануды талап ететін проблемалық мәселелер қаралады, – делінген үкімет басшысының ресми сайтында. Негізгі жаңалық – кездесудің кемінде 75%-ы «сұрақ-жауап» форматында өтеді. Министрлер кездесулердің қорытындысы мен халықтың проблемалық мәселелері бойынша қабылданған шешімдер туралы үкіметте есеп беруі тиіс. Орталық мемлекеттік органдар басшыларының кездесу кестесі үкімет басшысының ресми сайтында жарияланған.

*****

Маңғыстауда мектеп бітіруші 89 түлек жауапқа тартылды. Өңірде кеше мектеп бітірушілерге қатысты 119 хаттама толтырылды. Полицейлердің айтуынша, кортеждегі көліктердің терезесінен шыққан түлектер жол қозғалысына қауіп төндіреді. Ең сорақысы, жүргізуші куәлігі жоқ 16 жеткіншек автокөлік тізгіндеген. Құқық қорғаушылар әлеуметтік желіге таралған бейнежазбаларды қарап, қоғамдық орында тәртіп бұзған жастарды әкімшілік жауапқа тартқан. 35 көлік айыптұраққа жабылды. Айта кетсек, шалғай өңірде 25 мамыр күні 350-ден астам полиция қызметкері көше қауіпсіздігін бақылауға шыққан.

*****

Қазақстан 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізуге берген өтінімін қайтарып алды. Енді турнирді өткізуге жалғыз үміткер ел – Швейцария, деп хабарлайды ҚазАқпарат Shaiba.kz сайтына сілтеме жасап. Тамперде өтіп жатқан Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) конгресі Швейцарияның үміткер ретінде таныстырылымын көрді. Өтінім мақұлданса, турнир матчтары Цюрих пен Фрибург қалаларында өтеді.

*****

Испания, АҚШ пен Германия маймыл шешегі ауруына қарсы вакцина сатып алуға ниетті. Әзірге вирусқа қарсы мақұлданған  арнайы екпе жоқ. Қазір америкалық Модерна ((Moderna)) компаниясы ұсынған нұсқасын клиникалық зерттеуден өткізе бастады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің ковид сияқты өршуі мүмкін емес екенін айтты. Жануарлар арасында маймыл шешегіне көбінесе кеміргіш жануарлар шалдығады. Ал олардан ауру адамға тез жұғады. Әдетте індет орманда жүргенде жұғады. Бүгінде қауіпті дерт әлемнің 16 елінде тіркелген. Инфекцияны 100-ден астам адам жұқтырды. Науқастардың тең жартысы Ұлыбританияда.