Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 03.08.2022

Тәулік тынысы 03.08.2022

Үкімет бизнеске артық әкімшілік жүктемені азайту және неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау шараларын енгізіп жатыр. Бұл мәселе Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Премьер-Министр мемлекеттік органдардың осы жұмысты жүргізу кезінде үйлестіруді күшейтуі қажеттігін атап өтті. «Бұл – Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі реформаларының және Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бизнеске қойылатын талаптар түсінікті әрі айқын болуы керек. Бизнес тыныш жұмыс істеуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

*****
Биыл  студенттерге арналған 35 жатақхана  пайдалануға беріледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Үкіметтік жиында айтылды.  «Ғылым және жоғары білім министрлігі облыс басшыларымен және Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қаласы әкімдерімен бірлесе 10-шы тамызға дейін студенттік жатақханалардағы орындарға тапсырысты әзірлеп, бекітуі, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе білім нысандарына қойылатын Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға өзгеріс енгізуі қажет,- деді Ералы Тоғжанов.
*****
Атом электр стансасы жұмыс істеуі үшін 2 мыңнан астам маман қажет. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты. «Қазақстанда мұндай атом стансасы болмағандықтан жеткілікті дайындығы бар кадрлар жоқ. Ал біз жоспарлап отырған екі бөшкелі бір стансаны пайдалану үшін шамамен 2 мың тұрақты кадр қажет. Сондықтан белгілі бір кезеңге дейін шетелдік мамандардың күшіне жүгінуге тура келеді», - деді министр.
*****
Соңғы 7 жылда 9 депутат және 23 судья құқықбұзушылық әрекеттер жасаған, деп  жазады Ranking.kz. Ресурс  дерегінше, 2015-2021 жылдар аралығында Ішкі істер министрлігінің лауазымды тұлғалары құқықбұзушылық әрекеттерін жиі жасаған. Оларға қатысты жылына орта есеппен 516 қылмыстық іс қозғалады. Яғни, аптасына бұл ведомстваның 10-ға жуық қызметкері заң бұзады. 2015 жылдан бастап ІІМ-нің қызметкерлері жасаған ең жиі құқық бұзушылықтар - пара алу, алаяқтық  және өз өкілеттілігін асыра пайдалану. Ал, 2015-2021 жылдар аралығында лауазымдық құқық бұзушылық жасаған 23 судьяға қатысты іс қозғалды. Осы аралықта парламенттің қос палатасының депутаттары 9 рет құқық бұзған деп жазады ҚазАқпарат.
*****
Жастар бастамасын қолдауға арналған «Zhas Project» жобасына байқау жарияланды. «Құжат қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Жоба байқауына еліміздің 6 өңірінің жастары қатыса алады. Оның қатарында Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан және Маңғыстау облысы бар», - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Баймолдинов.
*****
Биыл елімізде қаржы пирамидасын құруға қатысты 33 қылмыстық іс тіркелді. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Алибек Абдиловтың айтуынша, биыл барлығы 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 33 қылмыстық іс тіркелді. «Сот 7 қылмыстық істі қарады, олар бойынша 11 адам сотталды, оның ішінде 1 - шет мемлекеттің азаматына қатысты. Барлық тұлғаларға нақты мерзімге – 3 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл ретте 7 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды»,- дейді ол.
*****
Тамыздың 4-6 күндері аралығында елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, күн суытады. «Солтүстік  облыстарда негізінен құрғақ және ашық ауа райы сақталып, түнде салқын болады. Атмосфералық фронтальды бөліктер біртіндеп оңтүстікке ауысып, республиканың орталық, шығыс және оңтүстік жартысында жауын-шашынның сақталуына ықпал етеді. Фронттар таулы аймақтарға жақындаған сайын бұл аймақтарда  жаңбыр жауады. Найзағай ойнап,  бұршақ жаууы мүмкін, - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.