Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 12.08.2022

Тәулік тынысы 12.08.2022

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтың айтуынша, жыл басынан бері және 10 тамыздағы жағдай бойынша комиссия 1 млн 119 мың гектар  жерді мемлекетке қайтарды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Былтыр көрсеткіш 400 мың гектар  көрсеткен. «Қазіргі уақытта 2 млн 94 мың га алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 724 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр, прокуратура органдарында 698  мың гектар  жерді тексеру бойынша 48 өтініш тіркеу сатысында тұр», - деді министр.

*****
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында белсенді жастармен, еріктілермен, жастар ресурстық орталықтары және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас мамандарды жұмыспен қамту және өзге де қолдау шаралары жөнінде айтып берді.  Ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа бос жұмыс орындарын іздеудің де, қызметкерлерді іздеудің де бірыңғай алаңына айналады. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 122 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, 151 мың жас жұмыс іздеп өз түйіндемелерін орналастырды, – деді  Тамара Дүйсенова.
*****
Бүгін магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталды. Ол 15 тамызға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады. Барлығы 43 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 42%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 71 балл. Бір қатысушы максималды 150 балдың  140-ын жинады. Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде беріледі.
*****
Алматы әкімдігі меншік иелерінің келісімімен адам көп жиналатын орындарға бейнекамералар орнату және бейнебақылау мониторингін жүргізу ережелерін әзірледі. жоба видеосараптама жұмысын жетілдіруді көздейді. Енді көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері мен адамдардың бет-әлпетін анық көру мүмкін болады. Құжат Ашық Нормативтік-құқықтық актілер веб-сайтында 19 тамызға дейін талқыланады.
*****
Жамбыл облысында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ жиналған кезекті жасырын орнын табылды. Ату құралдары зират аумағына тығылған. Қара түсті полиэтилен пакетінің ішінде екі тапанша, бір тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 17 патрон және бронежилеттің бір темір қалқаны жатқан. Осы тектес қару жинақтары облыс орталығының өзге жерлерінен табылған. Іздестіру нәтижесінде сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Соңғы 12 күн ішінде сегіз ату құралы тәркіленген. Олардың ішінде үш пистолет пен екі автомат бар.
*****
Түркістан қаласында құрылыс жүргізуші мердігер компаниялар әлеуметтік қолдауға мұқтаж 4 отбасына баспана салып берді. Осыдан біршама уақыт бұрын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қиын жағдайда күн кешіп жүрген жандарды үймен қамтамасыз ету туралы бастама көтеріп, құрылысшыларға ұсыныс жасаған. Әр отбасына ұсынылған үй үш бөлмеден тұрады, баспаналар қажетті жиһазбен, тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген.
*****
Украинаға қосымша әскери көмек көрсетіледі. Еуропа елдері өзара ақылдаса келе, қаржылық қолдаудың жаңа пакетін мақұлдады, деп  жазады 24 кз сайты. Осылайша Украинаға 1,5 миллиард доллар бөлуге уағдаласты. Украина, Дания және Ұлыбританияның бірлесе ұйымдастырған жиында 26 елдің басшысы осындай шешімге келді.