Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Әлихан Смайылов: Әкімдіктер барлық рұқсат етілмеген полигондарды жоюы керек

Әлихан Смайылов: Әкімдіктер барлық рұқсат етілмеген полигондарды жоюы керек

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Президент жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында коммуналдық қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру және тұрғын үй секторында, өнеркәсіпте және басқа да салаларда энергия үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жоспарлар қаралды.

Биылғы жылдың үшінші тоқсанында республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 24%-ды құраған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді (2020 – 18%, 2021 – 21%) және 2025 жылға қарай 30%-дан асуы керек.

Бүгінде елімізде 3 005 ҚТҚ полигоны жұмыс істейді, бұдан бөлек Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тағы 20 полигон салу жоспарланып отыр.


Әртүрлі кезеңдерде қоқысты бөліп жинау 142, ал сұрыптау 101 елді мекенде енгізілді.

Премьер-Министр қолданыстағы полигондардың ішінде тек 630-ға жуығы ғана (21%) экологиялық және санитарлық нормаларға сай екенін атап өтті. Сондай-ақ Үкімет басшысы жылына 4-4,5 млн тонна тұрмыстық қалдықтар жиналатынын, алайда жергілікті атқарушы органдар қоқыс жинау жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын айтты.

«Бұл үрдіс стихиялық полигондардың пайда болуына алып келеді, оларды жою үшін бюджет қаражаты жұмсалады. Атап айтқанда, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым Қостанай облысы мен елордада ғана ұйымдастырылған. Қалған аймақтарда ондай инфрақұрылым жоқ», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр әкімдіктерге 2023 жылғы 1 маусымға дейін барлық рұқсат етілмеген полигондарды жоюды және жалпы полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.


Фото: gov.kz