Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Australian Open: Елена Рыбакина алғаш рет жартылай финалға шықты

Australian Open: Елена Рыбакина алғаш рет жартылай финалға шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 17-ракеткасы, Ролан Гаррос турнирінің 2017 жылғы чемпионы, латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездесіп, екеуінде де латвиялық спортшы басым түскен еді.

Бұл жолы Е.Рыбакина Род Лейвер атындағы орталық аренада өткен матчты брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:1. Содан кейін сетке доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Екінші партияда есесіне Е.Остапенко брейкпен алға кетті – 2:0. Дегенмен қазақстандық теннисші сол бойда таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты – 4:2. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Осылайша, бұған дейін Уимблдон чемпионы атанған Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Бір сағат 19 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Е.Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 24-орында тұрған Беларусь өкілі Виктория Азаренконың біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасын ұтып, ширек финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина жұптық сында ширек финалға шыға алмады.

Қазақстандық теннисшілер Үндістанда өткен жарыстың жеңімпазы атанды.



Фото: sn.kz