Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 24.03.2023

Тәулік тынысы  24.03.2023

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тарту үшін қажетті инфрақұрылым құрып, жағдай жасауда, сондай-ақ қор нарығы мен ел экономикасын дамытуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ренат Бектұров Президентке қаржы орталығының инновациялық қаржы өнімдері мен қызметтерді дамыту, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары туралы мәлімет берді.

*****
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласы шахмат федерациясының құрметті президенті Динара Сәдуақасованы қабылдап, елімізде шахматты дамыту жөнінде пікір алмасты. Динара Сәдуақасова елімізде шахматтың танымалдылығын арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар және келешектегі жоспары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, балалар арасында шеберлік сағаттары мен квалификациялық турнирлер ұдайы ұйымдастырылады. Президент шахматшыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ белгілі шахматшыға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
*****
Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, қаланың жылу электр орталығының жұмысында ауқымды кемшіліктер бар, жаңа  компанияның иесі қаңтардан бастап ешқандай жұмыс жүргізбеген. Айта кетейік, бірнеше күн бұрын мұнда 4 және 5 жоғары қысымды қазандықтарда өрт болды, Кабельдік-өткізгіш өнімдер өртеніп, көмір беру жолында жарылыс болған еді.
*****
Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Ойыл ауданында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды аудан әкімі Асқар Қазыбаев басқарады. Ал, облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауданда 11 үйді су басқан. Айта кетейік, бұған дейін облыстағы Қобда ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мұнда 70-тен астам үйге су кірді. Қазіргі кезде 24 үйдің құрылысы басталды. Шығын әлі есептеліп жатыр.
*****
Қарызын 3 ай бойы төлемегендерге несие берілмеуі мүмкін.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай ұсыныс енгізді. Банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруге тыйым салынады», - деп жазылған «Ашық» НҚА порталында жарияланған жобада. Агенттік мұндай бастама азаматтардың көп қарыздануының алдын алуға бағытталған деп түсіндірді.
*****
Астанада «Qnet» қаржы пирамидасын құрған адам ұсталды. Ол компания ретінде Астана мен Ақмола облысы аумағында 2020 жылдан бастап жұмыс істеген.  Күдікті жеке тұлғалардан тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, "Qnet" қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырған..  Бірқатар шет елде "Qnet" қаржы пирамидасы деп танылды, сондай-ақ оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізген. Өкілетті органның қорытындысына сәйкес компания салымшыларынан түскен түсім сомасы 463 млн. теңге. Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге 2 айға «қамауда ұстау» шарасына санкция берді.  
*****
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері енді елдегі ірі қонақ үйлер мен туристік және визит орталықтарда тағылымдамадан өте алады. Түркістан қаласындағы бұл университет  аталған салаларға маман даярлайтын бірден-бір оқу орны ретінде «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді студенттер практикалық дағдылар мен кәсіби тәжірибені ұштауға қол жеткізе алады.», - деді аталған университет ректоры Айдос Сакенов. Айта кету керек, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде бүгінде сегіз білім беру бағдарламасы бойынша 1800 студент білім алуда.
*****
Рамазан айында, яғни 1 ай бойы елорда мешіттеріне түнгі автобустар қатынайды. «Тегін бағдарлар тарауық намазы аяқталғаннан кейін қала мешіттерінен бірнеше бағытта жүреді", – делінген CTS хабарламасында.
*****
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами турнирінің үшінші айналымына өтті. Мастерс жарысының 10-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина доданы екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты. Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі.
*****
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысының екінші турындағы Қазақстан - Дания кездесуіне төрешілер белгіленді. Ойын 26 наурызда елордадағы «Астана Арена» стадионында сағат 19:00-де өтеді. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ойында сербиялық Новак Симович бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Никола Джорович пен Милош Симович көмектеседі. Қосалқы төреші де – сербиялық Лазар Лукич. Еске салсақ, алғашқы турда Қазақстан құрамасы өз алаңында Словенияға 1:2 есебімен есе жіберді. Ал, Дания өз алаңында Финляндиядан 3:1 есебімен басым түсті. Сондай-ақ, аталған топта Сан-Марино Исландияға 0:2 есебімен жеңілді.