Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енді

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енді

Бүгіннен бастап, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді, деп хабарлайды qazradio.fm.

Осы Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет.

Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Жоғарыда аталған Келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өтеміз. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.

Қазақстандықтар 34 елге визасыз бара алады. Аталған елдердің тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады.

Фото: Сыртқы істер министрлігінің Telegram-каналынан