Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мемлекет басшысы Өскемендегі Сәулелік терапия және диагностика орталығының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы Өскемендегі Сәулелік терапия және диагностика орталығының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен қаласындағы көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығына барды.


Президентке жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ Орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.


Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мыңнан астам хиругиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.


Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндалды. Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтардың саны азайып келе жатқаны байқалады.


Мемлекет басшысы орталық дәрігерлерімен әңгімелесіп, медициналық ұйымның жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу маңызды екенін атап өтті.


– Өте жақсы медициналық мекеме екен. Заманауи әрі сапалы құралдармен жабдықталған. Науқастарды емдеу керек. Қазір мұндай ауруханалар жалпыұлттық маңызға ие болды. Өкінішке қарай, онкология дерті жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.