Жолаушылар ескі вагондардан қашан құтылады?
Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясы өз меншігіндегі ескі вагондардан неге арылмай отырғанын түсіндірді.
«Өкінішке қарай, ҚТЖ-ға қажет вагондар саны 3000 данаға жетіп отыр. Қазір 2667 вагон бар. Кейінгі төрт жылда 660 вагон істен шығып, 300 вагон қолданысқа берілді. Өйткені вагондар уақтылы жеткізілген жоқ. Кейінгі 5-10 жылда ҚТЖ тарапынан жаңа вагон сатып алу туралы нақты шешім қабылданбаған еді. Қаржы басқа ірі жобаларға бағытталды. 2017-2018 жылдары жаңа сатып алынған вагондар саны 100-ден аз болса, былтыр 118 вагон сатып алынды. Биыл 140 вагон, келесі жылы 224 вагон сатып аламыз. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 18 айдың ішінде вагон жеткізіле бастайды. Кейде тіпті одан да ұзаққа созылып кетеді. Осының бәріне уақыт керек. Сондықтан да 1200-ден астам вагон паркін сатып алу туралы келісімшартқа қол қойдық. Біздің есебіміз бойынша, 2026 жылға қарай жеткілікті мөлшерде вагон кіреді», - деді министр.
Журналист ҚТЖ меншігіндегі қыста суық, жазда ыстық, исі қолқаны қабатын вагондардан қашан арылатынын сұрады.
«Қолда бар 2667 вагонның жетпейтінін айттым. Вагон паркі айтарлықтай ескі. Оның ішінде 30%-ының «жасы» 25-тен жоғары. Оларда ауа баптағыш орнатылмаған. Сондықтан да жазда ысып кетеді. Біз ондай вагондарды біртіндеп қолданыстан аламыз», - деді Марат Қарабаев.
Дереккөз: kazinform
Фото: ҚТЖ