Тасқыннан зардап шеккендерге 5767 пәтер сатып алынған
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында тасқын салдарынан жалғыз баспанасынан айырылған халыққа қандай көмек көрсетілгенін баяндады.
«Жалғыз баспана болып есептелген 17,6 мыңға жуық үй мен саяжай құрылыстары су астында қалды. Тәуелсіз бағалау компаниялары мен комиссиялардың жүргізген зерттеуі негізінде 9156 үйді жөндеуге болатынын анықтап, ал 8447 үй апатты деп танылды. Жалғыз баспанасы апатты болып танылған тұрғын үй иелеріне көмек көрсету үшін, Мемлекет басшысы оларға жаңа тұрғын үй беру туралы шешім қабылдады. Бұл ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүргізілді. 3,5 айда типтік жобалар бойынша 2576 үй салынды және қайталама нарықта 5767 үй мен пәтер сатып алынды. Сонымен қатар, 9156 үй жөнделді», - деді вице-премьер.
Қанат Бозымбаев бұл жұмыстар Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында толық аяқталғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Ақмола облысында 38 үй, Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы аяқталуда. Аяқтау мерзімі бірінші қазан.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында Сырым ауданында жерасты суы қайта көтерілуі салдарынан 38 саманнан салынған үйлер апатты жағдайға ұшырады. Бұл факт тамыз айының соңында анықталды. Осыған байланысты жанадан үй салу шешім қабылданды. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 15 қазан. Осы облыстардың әкімдеріне көрсетілген мерзімдерде құрылысты аяқтау туралы тиісті тапсырма беруді сұраймын», - деді Қанат Бозымбаев.
Дереккөз: primeminister.kz
Фото: orda.kz