Мемлекет басшысы Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады
Мемлекет басшысы Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесті.
Мемлекет басшысы қазақ-түрікмен қарым-қатынастары барлық бағытта достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанына назар аударды.
Қазақстан Президенті Ашхабад бастамашы болған Бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Бұл Түрікменстанның бейтарап саяси ұстанымының 30 жылдығымен қатар келіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның бітімгершілік бастамаларының маңызы зор екенін айтып, оны табысты жүзеге асыру үшін Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті.
Екі ел арасында экономикалық байланыстар қарқынды дамып, мемлекеттер мүддесіне сай келетін өзекті мәселелер конструктивті тұрғыдан ілгерілеп келеді.
Фото: Ақорда