Биыл Алматыда 30 сейсмикалық станция орнатылады

Алматыда сейсмикалық қауіптің алдын алу мақсатында 28 сейсмикалық станция жұмыс істеп тұр. Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға ресми сапары барысында ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Куньмен кездесті.
– Қазақстан аумағының 40%-дан астамы жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан. Біз Еуразиядағы сейсмикалық белдеулер жүйесіне кіреміз. Ал Алматының өзі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Сондықтан «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» бағдарламасында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі басымдықтың бірі, – деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, Алматыда күшті жер сілкіністерін болжау және ерте хабарлау үшін 28 станция жұмыс істейді, қосымша 70 станция орнату жоспарланған. Биыл 30 станция орнатылса, 2026 жылдың соңына дейін тағы 40 станция іске қосылады.
Алматы әкімдігінен атап өткендей, кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы мен Қытайдың жер сілкіністері агенттігінің геофизика институты арасында сейсмикалық мониторинг және ерте хабарлау жүйелерін біріктіру бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойылды.
Бұл құжат екі ел мамандарына сейсмикалық ақпаратпен нақты уақыт режимінде алмасуға мүмкіндік береді.
Фото: inform.kz