Мәслихаттар жұмысы енді тікелей эфирде көрсетіледі
Мәслихаттар жұмысы енді тікелей эфирде көрсетіледі
Жаңа заң жобасы мәслихаттардың ашықтығын арттырып, онлайн трансляцияны міндеттеп, өкілеттігін кеңейтуді көздейді.
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарауда. Құжат аясында мәслихаттар жұмысының ашықтығын күшейту ұсынылып отыр.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов заң жобасын таныстырған әріптесі Юлия Смышляеваға сұрақ қойып, құжаттың негізгі мақсаттарының бірі – мәслихаттар қызметінің ашықтығын арттыру екенін атап өтті. Атап айтқанда, депутаттар қандай мәселелер көтереді, қандай сауалдар жолдайды және қандай түйткілдерді талқыға шығарады: осының бәрі қоғамға айқын болуы керек екенін айтты.
Мәслихаттар жұмысының ашықтығын арттыру
Осыған байланысты ол ұсынылып отырған заң жобасы шын мәнінде мәслихаттар жұмысының ашықтығын арттыра ала ма деген сауал қойды.
Иә, бұл заң жобасында мәслихаттардың ашықтығын күшейтетін бірқатар нормалар бар. Бұған қоғам тарапынан сұраныс бар. Мәжіліс секілді жоғары өкілді органдар әлдеқашан онлайн форматқа көшті, ал мәслихаттардың барлығы бірдей әлі күнге дейін нақты уақыт режимінде жұмыс істеп отырған жоқ. Сондықтан заңға қосымша ашықтық тетіктерін енгізіп отырмыз. Атап айтқанда, отырыстарды міндетті түрде ашық трансляциялау, сондай-ақ депутаттардың жолдайтын сауалдарын жария түрде жариялау қарастырылған», – деп жауап берді депутат.
Бюджетке қатысты өзгерістерге қатысу
Сонымен қатар мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту ұсынылады – олардың бюджеттік комиссиялардағы рөлін күшейту, бюджетке өзгеріс енгізуді бастамалау мүмкіндігін беру және тұрғындардың түрлі мәселелер бойынша, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өтініштерімен белсендірек жұмыс істеу көзделген. Бұл депутаттардың қызметін анағұрлым айқын әрі маңызды етуі тиіс.
Жұмысты цифрландыру
Заң жобасы мәслихаттардың негізгі функцияларын міндетті түрде цифрландыруды да қарастырады. Бұл ретте нақты техникалық шешімдер заңда көрсетілмейді – олар конкурс арқылы айқындалады. Сонымен бірге құжатта толық автоматтандырылып, цифрлық форматқа көшірілуі тиіс функциялардың нақты тізімі бекітіледі.
Фото:baq.kz