Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстандықтардың миллиардтаған айыппұлы кешіріледі: Мәжіліс заң жобасын қарайды

Қазақстандықтардың миллиардтаған айыппұлы кешіріледі: Мәжіліс заң жобасын қарайды

Қазақстандықтардың миллиардтаған айыппұлы кешіріледі: Мәжіліс заң жобасын қарайды

Мәжіліс депутаттары Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын жұмысқа алды

Сонымен қатар Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК), сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заң жобасына қатысты ілеспе түзетулерді қарастырады. Олардың барлығы Қазақстанда жарияланған ауқымды рақымшылыққа байланысты.
"Құрметті әріптестер, аталған заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Заң жобалары Мемлекет басшысының республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялауына орай дайындалды. Жобалар аясында қылмыстық теріс қылықтар мен зиян келтірмеген немесе зияны толық өтелген онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін жауаптылықтан босату, сондай-ақ зиян толық өтелген жағдайда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімдерін қысқарту ұсынылады", - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, адвокаттар, қандас мәртебесі бар тұлғалар және жалпы Қазақстан азаматы болып табылатын өзге де тұлғалар айыппұлдан босатылады.
"Рақымшылық азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқық бұзушылықтарды ізгілендіруге бағытталған. Заң жобаларын жұмысқа алуды ұсынамыз және қолдауларыңызды сұраймыз", - деді Имашева.
Нақты кімдердің айыппұлдары кешіріледі?
Имашева рақымшылық тек рақымшылық басталған сәтте төленбеген айыппұлдарға ғана қатысты болатынын нақтылады.
Мәжіліс кулуарында Имашева әкімшілік рақымшылық аясында қазақстандықтардың "бірнеше миллиард" айыппұлы кешірілетінін айтты.
"Негізінен бұл ішкі істер органдары салған айыппұлдар болады – шамамен 90 пайызы ІІМ салатын айыппұлдар, оның ішінде басым бөлігі – жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін салынған айыппұлдар", - деді депутат.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін құқық бұзушылықтар, атап айтқанда, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік айдау рақымшылыққа ілікпейді.
Бұл ретте Имашева қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе рөлде отырып телефонмен сөйлескендердің айыппұлдары кешірілетінін айтты. Жалпы алғанда, айыппұлдармен қатар өсімпұлдар да жойылады.
"Әкімшілік рақымшылық алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл біздің айыппұлдардан арылту және азаматтарға түсетін жүктемені аздап жеңілдету бойынша алғашқы тәжірибеміз", - деп толықтырды Имашева.
Оның айтуынша, рақымшылық туралы заңды осы сессияда, яғни Парламент "каникулға" кеткенге дейін қабылдау жоспарланып отыр.

Фото: Тengrinews.kz