Елдегі өзен-көлдерді қорғауға бағытталған жоспарлар дайындалып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы жаңа Су кодексінде көзделген су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі сегіз бассейндік жоспарды әзірлеудің алғашқы кезеңін аяқтады.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы кезеңде бастапқы деректерді жинау және талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, өзендер, көлдер және жерасты суы туралы, климаттық және гидрологиялық сипаттамалар, су шаруашылығы инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және коммуналдық секторының су ресурстарына түсіретін жүктемесі, сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәліметтер жинақталды.
Бассейндік жоспарларды әзірлеудің келесі кезеңдерінде су нысандарының жай-күйі бағаланып, негізгі мәселелер айқындалады және су ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану бойынша кешенді шаралар әзірленеді.
— Бассейндік жоспарлар — елдегі су ресурстарын басқарудың жаңартылған жүйесінің негізі. Олар сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша жеке әзірленеді және өңірлердің нақты ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, су ресурстарының көлемі, өзендер мен көлдерге түсетін жүктеме, халық пен экономиканың қажеттіліктері, инфрақұрылымның жай-күйі және экологиялық ахуал назарға алынады. Осы құжаттардың негізінде су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары әзірленеді. Бұл құжаттар мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементіне айналады, — деді Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.
Фото: Gov.kz