Димаш Құдайберген Кино орталығының «Таймас» атты жаңа жобасына қолдау білдірді
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген «Таймас» көркем фильмінің түсірілім алаңына барып, шығармашылық топпен кездесті. Кездесу барысында өнер иесі түсірілім тобына қолдау білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Таймас» – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қажырлы еңбегіне арналған тұңғыш отандық көркем фильм. Картинаны «i1team» кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіруде. Фильмнің режиссері – Ғалым Асылов.
Кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали Димаш Құдайбергенге жобаға көрсеткен қолдауы мен отандық киноға деген ықыласы үшін алғысын білдірді.
«Қазақстанды әлемге танытып жүрген өнер иесінің қолдауы шығармашылық ұжымға ерекше серпін береді. Отанға қызмет ету, жауапкершілік пен шынайы достық секілді маңызды құндылықтарды арқау еткен бұл жобаға қолдау көрсеткені үшін Димаш Құдайбергенге ризашылығымды білдіреміз. Фильм көрермен жүрегінен орын алып, отандық патриоттық киноның дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін», – деді Құрманбек Жұмағали.
Айта кетейік, «Таймас» жобасының түсірілім жұмыстары жуырда басталды. Дәстүр бойынша алғашқы түсірілім күні «тәрелке шағу» рәсімімен белгіленді. Фильм оқиғасы шекара қызметінің офицері мен Тай есімді қызметтік иттің төңірегінде өрбиді. Басынан өткен ауыр сынақтарды бірге еңсерген олар уақыт өте келе контрабандашыларға қарсы күресте бір-біріне арқа сүйейтін сенімді серіктерге айналады.
Жобаға арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттер қатысуда, ал фильм кеңесшілері ретінде кәсіби кинологтар тартылған. Сонымен қатар картинаға 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған республикалық «JARQYRA» кастингінің нәтижесінде іріктелген актерлер де қатысып жатыр.
