Энергетика министрлігі БАҚ-тағы авиакеросин тапшылығы туралы ақпаратқа жауап берді
Энергетика министрлігі БАҚ-тағы авиакеросин тапшылығы туралы ақпаратқа жауап берді
Энергетика министрлігі Ресей мен Беларусьтен келетін жеткізілім көлемі азайғаннан кейін Қазақстанда авиакеросин тапшылығы болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді
Бұған дейін бірқатар БАҚ қазақстандық МӨЗ өндіріс көлемін арттырып жатқанымен, ұшақ отынына деген сұраныс тезірек өсіп, баға көтеріле бастағаны туралы ақпарат таратқан болатын.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, Қазақстан авиакеросин тапшылығына тап болуы мүмкін: ішкі өндіріс жеткіліксіз, ал Ресей мен Беларусьтен келетін импорт азайып жатыр. Маусымның аяғында Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеуге тоқтауы жағдайды қиындатуы мүмкін екені атап өтілді. Reuters мәліметінше, маусымда Қазақстан үшін импорттық авиакеросин ұсынысы шектеулі болған. Трейдерлердің бағалауы бойынша, айдың бірінші жартысында Ресейден жеткізілген отын көлемі небәрі 1,9 мың тоннаны құрады, ал мамырда бұл көрсеткіш 23,1 мың тонна болған еді. Сонымен қатар, Беларусьтен жеткізілім 1–15 маусым аралығында 6,58 мың тоннаға дейін өсті, ал өткен айда бар болғаны 940 тонна болған.
Авиакеросинге қатысты жарияланымдарға жауап ретінде Қазақстанның Энергетика министрлігі отын нарығының жұмыс логикасын түсіндірді.
Ведомство елдегі қазақстандық жолаушылар үшін авиакеросин тапшылығы қаупі жоқ екенін мәлімдеді.
"БАҚ-тағы хабарламалар ішкі тұтыну мен халықаралық транзит ұғымдарын шатастырудан туындаған. Қазақстандық азаматтық авиация мен күштік құрылымдардың қажеттілігі отандық өніммен толық өтеледі. Жолаушылар авиациясының жылдық ішкі қажеттілігі шамамен 680 мың тонна болады. Бұл ретте биыл біздің зауыттар 750 мыңнан 825 мың тоннаға дейін керосин өндіреді, елдің қуаттылығы отандық әуе желілерін отынмен қамтамасыз етуге толық жетеді", - делінген Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазақстандық компаниялар үшін баға тұрақты - тоннасына 405–452 мың теңге аралығында екені атап өтілді. Кез келген МӨЗ-дің жұмысын тоқтатуы немесе жөндеуі алдын ала есептеледі, резервтер жинақталады, сондықтан ішкі қажеттіліктер еш іркіліссіз қамтамасыз етіледі.
"Импорттық авиакеросин тек қана Алматы немесе Астана әуежайларында транзиттік аялдама жасайтын шетелдік жүк ұшақтары мен шетелдік жолаушылар желілері үшін сатып алынады. Шетелдік тасымалдаушылар үшін отын бағасын ашық нарық қалыптастырады. Сонымен қатар, Қазақстанда жанармай құю шарттары көршілес елдердің әуежайларымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді болып қала береді. Республикадағы халықаралық транзиттік рейстер санының тұрақты өсуі мұны толықтай растайды", - делінген ҚР Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ресми мәліметтерге сәйкес, халықаралық транзит үшін импорт көлемі дәстүрлі түрде әуежайлардың тікелей коммерциялық сатып алулары есебінен қалыптасады. Энергетика министрлігі мәліметінше, отандық зауыттар ел үшін қажетті ішкі отын тұтыну көлемін толық қамтамасыз етіп отыр.
"Шетелдік партиялардың келу кестесін әуежай операторлары мен азаматтық авиация құрылымдары өздері үйлестіреді. Өз кезегінде "ҚазМұнайГаз-Аэро" операторы серіктес ретінде транзиттік әуежайларға импорттық ресурстарды сатып алу мәселелерінде жан-жақты көмек көрсетеді. Компания тарапынан әртараптандыру бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр: бүгінде транзиттік қажеттіліктер Ресей, Қытай, Түркіменстан және басқа да баламалы көздерден жеткізілетін өнімдер есебінен икемді түрде өтеліп жатыр", - деп жауап берді Қазақстанның Энергетика министрлігі.
Ведомство мәліметінше, қатарлас түрде шетелдік авиакеросин импортына ҚҚС-ты жою және баж салығын төмендетіп, жеңілдету процестері жүріп жатыр. Осымен қатар, отандық әуежайлар әлемдегі ең кең таралған Jet A-1 отын маркасына толық көшуге дайындалып, резервуарларды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
2032 жылға қарай қазақстандық зауыттарда жеке керосин өндіру көлемі екі есеге артады - 1,7-1,8 миллион тоннаға дейін.
"Бүгінде отандық тұтынушылар қолжетімді отынмен толық көлемде қамтамасыз етілген, жолаушылар әуежайлары іркіліссіз жұмыс істеп жатыр, меншікті ресурстарды жеткізу логистикасы өте сенімді", - деп сендірді Энергетика министрлігі.
Фото: depositphotos.com