Досаханов дастаны
"Досаханов дастаны"
Ұлтқа адал қызмет еткен көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегін ғылыми тұрғыдан зерделеу – тарихи жадымызды жаңғыртудың маңызды бағыты. Осындай тұлғалардың бірі – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Хамзаұлы Досаханов.
Ұсынылып отырған «Досаханов дастаны» мақаласында ғалымның онкология ғылымын дамытудағы, денсаулық сақтау саласын жетілдірудегі, медициналық білім мен ғылымды ұйымдастырудағы, сондай-ақ Алаш қайраткерлері қатарынан табыла білген дәрігерлердің мұрасын зерттеудегі елеулі еңбегі жан-жақты баяндалады. ҚР Ұлттық архивінің қызметкері, PhD доктор Сәния Сүлейменнің аталған мақаласы көрнекті ғалымның кәсіби және азаматтық болмысын танытатын ғылыми әрі тарихи құндылығы жоғары зерттеу деп білген жөн.
60 жылға жуық адал еңбегімен медицина саласының қара нарына айналған, майталман дәрігер, тек елорда емес, шетелдерде танымал ғалым-онколог, «Алаш» ұлттық-азаттық қозғалысына белсенді қатысқан дәрігерлер мен фельдшерлерінің жанкешті еңбектерін терең зерттеуші, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Досахановтың өмір жолы қашанда ел назарынан тыс қалмауы керек.

Әлихан Хамзаұлы Досаханов Батыс Қазақстан облысының, Казталов ауданында 1946 ж. 1-сәуірде дүниеге келген. 1962 ж. Ақтөбе медицина институтына түсіп, 1968 ж. Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін үздік бітірген. 1968-1970 ж. Кеңестік қарулы күштері қатарында әскери дәрігер қызметін атқарған.
1970 ж. маусым айында Алматыдағы Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып қабылданады. Осы мекеме қабырғасында 30 жыл еңбек етеді.
Әлихан Хамзаұлы қарапайым дәрігерден бастап, бірнеше бөлімшелерді біріктірген ауқымды клиникалық радиология бөлімінің жетекшісіне дейін көтеріледі. 1977 ж. кандидаттық диссертация қорғап, ал 1995 ж. «Өңеш, жатыр денесі обырлары және «Қатерлі лимфоларды сәулемен емдеуде полирадиомодификация әдісін қолдану» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғайды.
Онкололгия институтында 30 жылға жуық жұмыс атқарған кезінде Әлихан Хамзаұлы он мыңнан астам науқасты емдепті. Бұл күрделі де ғылыми ізденістер, қызу жұмыс пен шығармашылықтағы табысты жылдар еді.
Науқастардың үштен бір бөлігі (аурудың І-ІІ сатысындағы) дерттен толық айғып еңбекке және қалыпты өмірге араласып кетті, жартысы (ІІІ сатысындағы) химия-сәулелік терапиядан кейін 5 жылдан 15 жылға дейін өмір сүрді. Ойлаңызшы, өздерін дауасы жоқ дертке душар болдым деп санаған қаншама жан бақытты адамдар қатарына қосылды?!
Осындай оң жетістікке дәрігер ғылыми зерттеулердің нәтижесін қолдану арқылы қол жеткізді.
Өткен ғасырдың 80 жыл¬да¬рында Ә.Досаханов академик Саим Балмұқановтың жетекшілігімен КСРО-да жаңа ғылыми бағыт клиникалық онкологиядағы полирадиомодификация, сәулемен емдеудің нәтижелігін көтеру мақсатында радиацияның ісіктерді жою қабілетін көтеруге бағытталған химиялық және физикалық агенттерді қолдануды ұтымды үйлестірумен айналысты.
Мысалы, метрамидозол немесе АК-21-23 дәрі-дәрмектерін ісік ішіне енгізумен қатар, СВЧ-гипертермия және гипергликемияны (ағзаны глюкозамен жасанды қанықтыру) немесе қолдану, обырға шалдыққандардың өмір сүруін жалпы қолданыстағы емдеу тәсілдерімен салыстырғанда 1,5-2,0 есеге көбейді.
80 жылдары шетелдік мамандар бұны обырды емдеудегі айтарлықтай тиімді жетістік деп санады. Әлихан Хамзаұлы обырды емдеудің жаңа тәсілдеріне арналған КСРО-ның, ҚР-ның және Ресейдің 15 өнертабу патенттерінің авторы. Осыдан кейін «КСРО өнертапқышы» медалімен марапатталған.
Бұл жөнінде Жапонияның Денсаулықты зерттеу қорының президенті, атақты ғалым, профессор Tsutomu Kaqiya 1995 ж. 30 қарашасында құттықтап:
«Әлихан Досаханов мырза обырдың әр түрінде гипертермия және гипергликемиямен қатар сәулеумен емдеу кезінде АК-2123 дәрісін әлемде бірінші болып тиімді қолданған дәрігер.
Осы ғылыми жұмысына жоғары баға бере отыра, авторға батылдығы үшін үлкен алғыс айтамын! Бұл зерттеу тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша рак ауруына шалдыққан көптеген науқастардың жазылып шығуына үлкен көмек көрсетеді. Шынымен де Досахановтың ұстазымен ұсынған өңеш, жатыр мойыны мен денесінің обырын емдеудің ерекше тәсілдері біздің елде ғана емес, Индия, Бразилия, Ресей, Әзірбайжанның онкомекемелерінің қызметіне енгізіледі» деді Жапон ғалымы.
Сөйтіп ғалым «Ғылыми зерттеулердің қорытындыларын денсаулық сақтау іс тәжірибесіне енгізгені үшін» Әл-Фараби атындағы медальмен марапатталды.
1980 ж. наурыз айында Ә.Досхановтың Қазақ КСР-ның Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында ғылым басқармасының жетекшісі және министрліктің Ғылыми медициналық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне шақырады. 1984 ж. дейін сондай қызмет атқарады.
Денсаулық сақтау министрлігіндегі жұмысы өте қызықты, қарқынды болатын, ол жылдары ғылыми институттар мен ЖОО-ның ұзақ мерзімді дамыту стратегиясы анықталады. Москва, Ленинград, Киевте ғылыми педагогикалық кадрлар дайындау ісі тиімді жүріп жатты. Министр Төрегелді Шарманұлымен жасаған жұмыс баға жетпес тәжірибе болатын, денсаулық сақтау ісін басқарудың қайталанбас мектебі еді.
2001 ж. кемеліне жеткен ғалымның қызметінің жаңа кезеңі басталды. Оны елдің медицина саласындағы озық жоғары оқу орындарының бірі, даңқты тарихы және тамаша дәстүрлері бар, әйгілі Қарағанды Мемлекеттік медицина академиясына (қазіргі кезде университет) шақырады. Мұнда ол 3 жылдан астам жұмыс атқарады: бастапқыда ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, кейіннен ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор лауазымын атқарады. Сол жерде кандидаттық диссертацияларды қорғайтын диссертация Кеңесін ашып, оны басқарып, 30 астам мамандар диссертация қорғады. Әлихан Хамзаұлы бірнеше халықаралық ғылыми практикалық форумдар өткізді. Әсіресе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алқа мүшесі болып тұра, кафедралардың емдеу істері және ғылыми қызметтерін жетілдіруге айтарлықтай үлес қосты.
2004 ж. қыркүйек айында ғалым Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жұмысқа ауысады. Орталықта әлем медицинасының ең үздік жаңалықтарын енгізу үшін қолайлы жағдай жасалған, сондықтан болар мұндай жұмыс атқару өте қызықты да, жауапты еді.
2004-2005 ж. Орталықтың бас директоры Абай Қабатайұлы Байгенжин Әлихан Хамзаұлы екеуі Денсаулық сақтау министрлігі, Қаржы министрлігі басшыларына тапжылмай барып, ҚР Үкіметіне және Парламентіне ұсыныстарымен шығып, маңызды шешімдерге қол жеткізді. Балаларға және ересектерге жасалатын кардихирургиялық оталардың бірнеше түрлері, тәж артерияларын стенттау елімізде алғашқы рет ақысыз медициналық көмектің кепілденген тізіміне енгізілді. Оған дейін осындай ем-дом алу үшін Қазақстан азаматтары шетелге қымбат тұратын ақылы емделуге баратын, ал еліміздегі стенттеу толығымен кардиохирургиялық қызметтердің кейбіреулері ақылы еді.
2000- жылдары еліміздегі аса өзекті мәселелердің бірі - адам ағзаларын ауыстырудың (трансплантация органов) заманауи әдістерін қазақстандық клиникалар тәжірибесіне енгізу болатын. Осы қиын істі ұйымдастыруда Әлихан Хамзаұлы айтарлықтай белсенділік көрсетті. А.Байгенжин екеуі Оңтүстік Корея астанасы Сеулге іссапармен бірнеше рет барып, 5-6 клиникалармен келіссөздер жүргізіп, көрнекті трансплантолог-профессорларды елордаға алып келді. Сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрі, ҰҒМО бас хирургі Жақсылық Досқалив бастаған хирургтар шетелдік мамандардан көп уақыт ұзамай үйреніп, бауырды және бүйректі ауыстыру әдістерін орталық тәжірибесіне енгізіп, жүздеген науқастардың өмірін сақтап қалды.
Әлихан Хамзаұлы ҰҒМО-та үш мамандық бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша Кеңес ашып, оны өзі басқарды. Төрт жыл ішінде клиникадан да, елдің әр аймақтарында да, 70 астам маман диссертацияларын табысты қорғап шықты.
Біз бүгінгі және келешек ұрпаққа тарихи тамырымыз бен негізімізді жүйелі жеткізуге міндеттіміз.
Ә.Досахановтың орыс тілінде «Первые: врачи Алаш», «Первые: фельдшеры Алаш» атты екі томдық еңбегі бірнеше ғылымның түйсіндегі шығармалар. Атап айтсақ, медицина, тарих, архив ісі, қоғамтану, әлеуметтану, жалпы тұлғатану салаларын біріктірген еңбек. Бұл кітаптарды көрнекті ғалым, академик Дихан Қамзабек «зор рухани олжа» деп баға берді.
Көзіқарақты зиялы қауым Ә.Досхановты 1984 ж. Кеңестік цензураның шеңгеліне іліккен «Алғашқы қазақ дәрігерлері» атты кітабынан (телавторлары А.Әлжанов, Ә.Шокин) бастап жақсы біледі. Мұнда Халел Досмұхамедұлы сынды ұлт қайраткерлерінің аты мен заты аталғандықтан, еңбек оқырманға жетпей, жойылды. Бұл үшін авторлар жазаланып, қуғын көрді.
Профессор Ә.Досаханов Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, КСРО ОГПУ, НКВД, КГБ архивтерінде отырып, әлі ешкім қолға алмаған, алғашқы қазақ дәрігерлерінің тағдырын терең зерттеп, қаншама тың деректерді ғылыми айналымға енгізді.
Осы архивтерден ғалым 1905-1937 ж. «Алаш» ұлттық-азаттық қозғалысына белсенді қатысқан 25 алғашқы қазақ дәрігерлері мен 24 медициналық фельдшерлер туралы деректерді тауып, олардың өмір жолдарын жүйелі, байыпты, ыждағатты зерттеді.
Алаш арыстары, медицина қызметкерлерінің адами қасиеттері қандай болды деген сұраққа Әлихан Хамзаұлы былай деп жауап берді:
«Олар Ресейдің ең жақсы оқу орындарында білім алды, өте сауатты білімпаз, көптілді, ақылды, дарынды, мейірімді, кәсіби қызметтеріне адал, ізгі ниетті болды. Олар аттөбеліндей ұлттық интеллектуалдық элитаның жарқын өкілдері бола білді. Алғашқы қазақ дәрігерлері мен фельдшерлерінің барлығына тән негізгі қасиет, сезім ұлтжандылық, отанын шексіз сүйді. Қазақ елінің мүддесін үшін жандарын қиюға даяр еді».
Өкінішке орай, алашордашыл медицина қызметкерлерінің көбі сталиндік саяси «қызыл террор» қуғын-сүргін науқан құрбаны болды. 10 дәрігер атылды (Ә. Алдияров, С. Асфендияров, Б. Бисенов, А. Байгурин, Е. Қасболатов, Қ. Кемеңгеров, А. Маметов, ағалы-інілі Асылбек пен Мұратбек Сейітовтер, М. Ниязов), 2 дәрігер түрмеде өлтірілді Х. Досмухамедов, М. Шомбалов; 3 фельдшер атылды М. Жұмабаев, Ж. Тлеулин, М. Есполов, А. Қозбағаров, Б. Өскенбаев, А. Сүлейменов, Ж. Сүгіралин, О.Тұрмағамбетов), екеуі концлагерде дүниеден озды (М. Дулатов, Х. Танашева). Басқалары не түрмеге отырды шықты, неиесе жер аударылды.
Әлихан Досаханов шығармалары туралы әйгілі тарихшы, ғалым, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев мынадай пікір білдірген:
«Әлихан Хамзаұлы қазақ дәрігерлері бірінші буынның Отан деп соққан жүрек дүмпілін, қарапайым халықтың денсаулығын сақтау жолындағы жанкешті еңбектерін көрегендікпен, ыждахатпен зерттеуші. Аса ынталы да шыншыл дәрігер, үш шығармаларында адамгершілік туралы мол айтылады. Әлекең М.Қарабаев, Х. Досмұхамедов, А. Сейітов сынды тұлғалар туралы «Отансүйгіш, азаматтық дәрігерлік парыздарын адал атқарғандардың жарқын үлгісі, деп суреттейді. Алаш асылдарына берген осы бағаны толығымен кітап авторынада беруге болады».
Қоғам алдындағы азаматтық парызын жоғары сезінетін, бірнеше дерттерді тиімді емдей мәселелерін жетік білетін алғыр да, қолы шипалы дәрігер, білікті де беделді ғалым болғандықтан, Ә. Досаханов ғылым жолында да, қоғамдық қызметте де халықаралық деңгейге көтерілді. Ол 400 астам қазақ орыс, чех, ағылшын тілдерінде шығармаларын ТМД және алыс шетелдерде жариялады. 12 кітаптың авторы (монографиялар, ғылыми танымдық кітаптар, анықтамалықтар).
Жоғарыда біз шетелдік онкомекемелерде оның жеке зерттеулерінің қорытындылары енгізген туралы жазған едік. Ол қазақ медицина ғылымының атағын және жетістіктерін айтарлықтай паш етті. Жапония, Швейцария, Германия, Италия, Финляндия, Үнді, ТМД елдерінде әлемдік және халықаралық форумдарда баяндамалар жасады.
Ғалымның қазақ руханиятына қосқан қомақты үлесі, XV-ғасырдан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихы бұрын қолға алынбаған көптеген архив деректеріне сүйеніп, ғылыми айналымға енгізгенін ескере отырып, ҚР Ұлттық архиві 2022 ж. 13 желтоқсандағы Сараптау тексеру комиссиясының №7 Хаттамасы негізінде №282 Әлихан Досахановтың Жеке тектік қорының ашылғандығын куәландыратын сертификат беріп, ресми хабарлады.
Оның ғылыми жетекшілігімен шәкірттері 16 кандидаттық және докторлық диссертация қорғады.
Қоғамдық жұмысқа келсек, 16 жасынан Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының 1- курс студенті болғалы ЖОО ның комсомол комитеті бюросының құрамына сайланып, 1975ж. «Қазақстан комсомолының бетке ұстар бейнесі» етіп таңдалған және тиражы 100 мың дана (екі рет 50 мыңнан) бейнеленген портрет-плакаты республикаға таралған.
Сонау 1967ж. студент Досаханов Алматы мемлекеттік медицина институтында «Эскулап» атты эстетикалық тәрбиелеу клубын ұйымдастырып, оның алғашқы Президенті болған, ал вице-президентті КСРО-ның Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы Төлегенова, клубтың мүшелері – Абылқасыов Ерасыл, Бағланова Роза, Байгенжин Абай, Жаманова Роза, Қажғалиев Шамғон, Серкебаев Ермек, Сидоркин Евгений және т.б. қазіргі әйгілі тұлғалар болыпты.
Клуб отырыстарына атақты өнер өкілдері, тұтас творчестволық ұжымдар, Құрманғазы атындағы оркестр, мемлекеттік симфониялық оркестр және көрнекті өнертанушы, музыкатанушы Анатолий Кельбергті шақырылатын. Сондай-ақ осындай кездесулер студенттер арасында кеңінен таралап, жалпыға мәлім еді. Бірде мединституттың акт залына көрермен студент сыймай қалып, залдың көлемді ауыр есігін жұлып алған екен.
Жастарды әсіресе ауылдан келген студенттерді мәдениет пен өнерге, сұлулық пен әсемдік әлеміне деген шынайы құштарлыққа баулыды.
Тағы бір тарихи жайт, А.Байгенжин және Ә.Досаханов 2012 ж. «Қазақстандық дәрігерлер ядролық соғысты болдырмау үшін» қоғамдық бірлестігін құрып, өздері басқарды. Ал 2014ж. 25-29 тамызда Астана қаласында Тәуелсіздік сарайында ауқымды шара өткізеді. Екі мәртебе бейбітшілік Нобель сыйлығының лауреаты, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» (IPPNW) халықаралық қозғалыстың Бүкіләлемдік Конгресін өткізген. Барлық құрлықтан, әлемнің 50-ден астам елінен 600-ден астам делегат келген. Олар мына тақырып бойынша өзекті мәселелер талқылады: «Ядролық сынақтарға тыйым салудан, ядролық қарудан бос әлемге. Қарусыздану, бейбітшілік және ХІІ ғасырдағы жалпыға бірдей денсаулық».
30- тамызда барлық тілек білдірген делегаттар үшін Семей, Курчатов қалаларына, ядролық полигонға чартерлік рейстер ұйымдастырылды. Форум үлкен халықаралық резонанс тудырды. Конгресс атына Қазақстанның, Ресейдің, Коста-Риканың (Бейбітшілік Нобель сыйлығының лауреаты) президенттерінен, әйгілі шетелдік қоғам қайраткерлерінен, денсаулық сақтау ісінің көшбасшыларынан құттықтау хаттармен видеоүндеулер, ал шарадан кейін көп елден ой пікірлер және алғыс хаттар келіп түскен.
Адал еңбек асыл мұратқа жеткізеді. Арайлы атамекеніміздің абыройын аспандатқан азаматтардың бірі профессор Әлихан Досахановтың жарты ғасырлық адал бейнеті, ұлт денсаулығын жақсарту және елімізде медицина ғылыми дамыту жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан кем ардақталған жоқ. 2008 ж. мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақ берілді, «Құрмет» орденімен (2015ж.) және көптеген медальдармен марапатталды.
Сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісінің және медициналының дамуына қосқан көрнекті үлесі үшін» шетелдік «Гиппократ», «Авиценна», «Пирогов» ордендерінің кавалері. «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2006), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2012) «Алтын барыс», Ұлттық медицина ассоциациясы оған медальмен қоса «Алтын дәрігер» атағын берді. Ғалымының бұдан көп марапат, адал еңбегімен тапқан тәтті жемісі мен жеңісін көрсететін атақ-даңқтарын жазсақ қағаз бетіне сыймас.
Білімдінің қашанда күні жарық деп, Әлихан ағамыз осыны қаршадайынан түсініп, әр мезгіл білім мен ғылымды игеруге талпынып келеді.
Қоғам алдындағы азаматтық парызын жоғары сезінетін ол, биыл сәуір айының 1- жұлдызында әдемі 80 жастың төріне шықты.
Жарты ғасырдан артық уақыт табанды еңбек және ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан, өмірі өнегеге толы ағамыз Әлихан Хамзаұлының өмір жолы, тарихы қысқаша осындай болды.