Мәулен Әшімбаев: Екі палаталы Парламент 30 жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтады
Мәулен Әшімбаев: Екі палаталы Парламент 30 жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтады
1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтап, тамыз айында бір палаталы Құрылтайға сайлау өтеді. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палатаның қорытынды отырысында мәлімдеді
Жаңа саяси кезең басталады
Сенаттың қорытынды отырысында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев бүгін Парламент Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы жалпы отырысы өткенін айтты. Оның сөзінше, ертең Палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессиа ресми түрде жабылып, 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтайды.
Сенат Төрағасы тамыз айында бір палаталы Құрылтайға сайлау өтетінін айтып, осылайша 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған қос палаталы Парламент өзінің тарихи миссиясын аяқтайтынын жеткізді.
Бұл – еліміздің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елдің одан әрі дамуына берік негіз қалайды. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – Тәуелсіздікті нығайту, Әділетті Қазақстан құру және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Сондықтан қолға алынған өзгерістер елдің болашағына қызмет етіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне жол ашады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
30 жылда 3,5 мыңнан астам заң қабылданды
Палата спикері екі палаталы Парламенттің 30 жыл бойы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде ел тағдырын айқындаған маңызды заңдар қабылданып, Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының құқықтық негізі қалыптасты.
Отыз жыл ішінде Сенаттың 890-нан астам жалпы отырысы өтіп, үш жарым мыңнан астам заң қабылданды. Оның ішінде 350-ден астам заңға Парламент депутаттарының өздері бастамашы болды. Бұл – заң шығару қызметіндегі депутаттардың белсенді рөлін көрсететін маңызды көрсеткіш. Президенттің бастамасымен жүзеге асқан саяси, экономикалық және фискалдық реформалардың заңнамалық негізін қалыптастыруда Сенаттың үлесі зор болды, – деді ол.
Мәулен Әшімбаев әлеуметтік саясатты жетілдіру, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері Сенат жұмысының негізгі бағыттарының бірі болғанын айтты.
Сенат халықтың мүддесін басшылыққа алды
Сенат Төрағасының айтуынша, Палата заң шығарумен ғана шектелмей, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге де ерекше мән берді.
Осы кезеңде 60-тан астам парламенттік тыңдау, 3 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылып, Үкіметке халықты толғандырған мәселелер бойынша 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданған.
Сенаторлар әрдайым халықтың мүддесіне сүйеніп жұмыс істеді. Біз өңірлерге тұрақты барып, реформалардың мәнін түсіндірдік, азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді мемлекеттік органдардың алдына қойдық. Осы бағыттағы жұмысымызда "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын басшылыққа алдық, – деді Палата төрағасы.
Сонымен қатар Сенат жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл кеңесі, Инклюзия жөніндегі кеңес, Сенаторлар кеңесі, «Өңір», «Бір ел – бір мүдде» депутаттық топтары мен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының жұмысына тоқталды.
Қазақстан парламентаризмі халықаралық деңгейде танылды
Мәулен Әшімбаев Сенаттың халықаралық парламенттік дипломатиядағы рөлі де күшейгенін атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде Палата 11 парламентаралық ұйымның белсенді мүшесіне айналған. Сонымен қатар Сенатқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру міндеті жүктеліп, соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде сегіз съезд жоғары деңгейде өткізілді.
Президентке, депутаттар мен БАҚ өкілдеріне алғыс айтты
Қорытынды сөзінде Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа реформаларды жүзеге асыру барысында көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Осы тарихи кезеңде Мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға бағытталған бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосу біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Сенаторлар алдағы уақытта да Президенттің мемлекетшілдік ұстанымына, заң үстемдігіне және халық алдындағы жауапкершілік қағидатына адал болып қала береді. Бүгінгі таңда Әділетті Қазақстанды құру жолында барлық сындарлы күштің бірігуі ерекше маңызды, – деді ол.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев барлық депутаттарға, Сенат аппаратының қызметкерлеріне, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметіне және Парламент жұмысын халыққа жан-жақты жеткізіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Құрылтайға сәттілік тіледі
Сөз соңында Сенат Төрағасы алдағы кезеңде жұмысын бастайтын Құрылтайдың қызметіне сәттілік тілеп, оның Парламенттің 30 жылдық тәжірибесін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді.
Алдымызда жаңа кезең мен ауқымды міндеттер тұр. Парламенттің бай тәжірибесін қабылдап, жаңа форматта жұмысын бастайтын Құрылтайдың қызметіне табыс тілеймін. Еліміздің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Баршамыз осы мақсат жолында аянбай еңбек ете берейік, – деп қорытындылады Мәулен Әшімбаев.
Фото: baq.kz