Қазақстанда зерттеу бағытындағы ЖИ университеті ашылады
Қазақстанда зерттеу бағытындағы ЖИ университеті ашылады
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында Қазақстандық зерттеу ЖИ университетінің ашылатынын айтты.
Министр Мемлекет басшысы цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні Қазақстан дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті.
Соңғы алты айда біз Қазақстанның цифрлық болашағы үшін реттеушілік және институционалдық негізді жедел қалыптастырдық. Қазақстан азаматтары жаңа Конституцияны қабылдады. Онда азаматтардың цифрлық құқықтары, оның ішінде дербес деректерді қорғау құқығы бекітілді. Конституциялық деңгейде Alatau City-дің ерекше мәртебесі айқындалды. Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң, «Цифрлық активтер туралы» заң, «Киберқауіпсіздік туралы» заң, сондай-ақ телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша заң қабылданды, – деді Жаслан Мәдиев.
Министр отандық мамандарды даярлаудың үздіксіз жүйесі қалыптасып жатқанын айтты.
Мысалы, TUMO – 12-18 жас аралығындағы балаларға арналған креативті технологиялар орталығы. Ересек аудитория үшін практикалық AI-мамандарды даярлауға бағытталған Tomorrow School жұмыс істейді. Келесі кезең – биыл 1 қыркүйекте Қазақстандық зерттеу ЖИ университетін – Qazaq AI Research University-ді іске қосу, – деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар ол байланыс цифрлық трансформацияның негізгі шарты болып қала беретінін атап өтті.
2028 жылға қарай ауылдардың 92%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. 20 ірі қалада 5G желісі дамытылып жатыр. Ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің гипермагистралі құрылысы жалғасуда. Республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жол байланыспен қамтамасыз етіледі. Спутниктік интернет арқылы ел аумағын толық қамту қамтамасыз етіледі, – дейді Жаслан Мәдиев.
Фото: ЖИ