Қазақстанның қай өңірлерінде жаңа жұмыс орындары көп ашылады
Қазақстанның қай өңірлерінде жаңа жұмыс орындары көп ашылады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір Қазақстанның еңбек нарығы қыз-қыз қайнап тұр. Бірі жақсы жалақы іздеп жұмысын ауыстырып жатса, енді бірі жаңа мүмкіндік таба алмай жүр. Алайда еңбек нарығындағы ең үлкен алшақтық өңірлер арасында байқалады. Алматы мен Шымкент, екеуі де мегаполис болғанымен, жаңа жұмыс орындарының саны 17 есе айырмашылық көрсетеді. Ал Ұлытау мен Қостанай облыстары бұл көрсеткіш бойынша көш соңында қалып отыр. Осы ретте Stan.kz ресми деректерді саралап, толығырақ зерттеп көрді.
Алматыда жаңа жұмыс орындары неге Шымкенттен 17 есе көп?
Алматы қаласында жаңадан құрылған жұмыс орындарына 19 820 адам қабылданған. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш небәрі 1 136 адам. Яғни айырмашылық 17,5 есе.
Осы алшақтықтың себебін анықтау үшін редакция "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ға сауал жолдады. Орталықтың мәліметінше, мәселе тек жаңа жұмыс орындарының санында емес, екі қаланың еңбек нарығы мен экономикасының құрылымында жатыр.
"Алматыдағы жұмыскерлердің тізімдегі саны 563,9 мың адамды немесе республикадағы барлық жұмыскердің 14 пайызына тең. Бұл Шымкенттегі көрсеткіштен (193 мың адам немесе 4,8 пайыз) 2,9 есе жоғары. Сонымен қатар Алматыда жаңадан құрылған жұмыс орындарының жалпы жұмысқа қабылдаудағы үлесі 8,4 пайыз болса, Шымкентте бұл көрсеткіш 2,3 пайыз ғана", – деп түсіндірді орталық.
Орталық дерегіне сенсек, Алматыда жаңа жұмыс орындарының негізгі бөлігі қызмет көрсету экономикасында ашылған. 19 820 жаңа жұмыс орнының 6 600-і көтерме және бөлшек сауда саласына тиесілі. Одан кейін өңдеу өнеркәсібі (2 726 адам), көлік және қоймалау (2 389 адам), құрылыс (1 507 адам), білім беру (1 436 адам), денсаулық сақтау (1 210 адам) және қаржы саласы (1 029 адам) келеді дейді орталық өкілдері.
Мұндай көрсеткіштер Алматыда жаңа жұмыс орындарының басым бөлігін өндіріс емес, сауда, логистика, қаржы және басқа да қызмет көрсету секторлары құрап отырғанын аңғартады.
Ал Шымкенттің еңбек нарығы өзгеше қалыптасқан. "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ мәліметінше, қалада жалдамалы қызметкерлердің үлесі 66,6%-ы ғана. Ал 151,3 мың адам, яғни жұмыспен қамтылғандардың 33,4 %-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Сондықтан жаңа жұмыс орындарының едәуір бөлігі шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамту секторында құрылып, жұмыс күшінің қозғалысы туралы ресми статистикада толық көрінбейді.
Дегенмен бұл түсіндірме тағы бір маңызды жайтты көрсетеді. Алматыдағы көрсеткіштің жоғары болуы тек экономиканың қарқынды дамуының нәтижесі емес. Бұған қаланың корпоративтік секторының ауқымы, ірі компаниялардың бас кеңселерінің шоғырлануы және ресми статистиканың негізінен жалдамалы жұмыскерлерді қамтуы да ықпал етеді. Ал өзін өзі жұмыспен қамту үлесі жоғары Шымкентте еңбек нарығының бір бөлігі бұл есепке толық енбей қалады. Сондықтан екі қаланың арасындағы 17,5 есе айырмашылықты жаңа жұмыс орындарының нақты көлемінен гөрі, экономика құрылымы мен есепке алу әдісінің ерекшелігі ретінде қарастырған жөн дейді орталық мамандары.
Ал Қызылорда мен Ұлытауда неге жаңа жұмыс орындары аз?
Инфографикадағы тағы бір назар аударатын жайт Қызылорда облысында жаңадан құрылған жұмыс орындарына небәрі 241 адам, ал Ұлытау облысында 385 адам ғана қабылданған. Бұл елдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Редакция осының себебін де "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-дан сұрады. Орталықтың түсіндіруінше, бұл өңірлердегі төмен көрсеткіш еңбек нарығының көлемі мен экономика құрылымына тікелей байланысты.
"Қызылорда облысында жұмыспен қамтылғандардың 32,6%-ы немесе 109,4 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Бұл санат "Жұмыс күші қозғалысы" статистикалық зерттеуінің қамту аясына кірмейді. Ал Ұлытау облысында инвестициялық белсенділік негізінен қолданыстағы өндірістік қуаттарды дамыту мен жаңғыртуға бағытталған. Сондықтан жұмысқа қабылдау көбіне жұмыстан шыққан қызметкерлердің орнын толтыру мақсатында жүзеге асырылады, ал жаңа тұрақты жұмыс орындарының құрылуы шектеулі сипатқа ие", – деп мәлімдеді орталық.
Қызылорда облысының мысалында назар аударарлық жайт бар. Бір жағынан, өңірде негізгі капиталға салынған инвестициялар 24,4%-ға өскен. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (16,7%) әлдеқайда жоғары. Алайда мұндай инвестициялардың 83%-ы құрылысқа, ал шамамен 40%-ы өнеркәсіпке, негізінен тау-кен өндірісі мен энергетикаға бағытталған. Яғни қаржы көп құйылғанымен, оның басым бөлігі бірден көп тұрақты жұмыс орнын ашатын салаларға емес, капиталды көп қажет ететін жобаларға жұмсалған.
Ұлытауда да ұқсас жағдай қалыптасқан. Бұл Қазақстандағы еңбек нарығы ең шағын өңірлердің бірі. Мұнда небәрі 95,5 мың адам жұмыспен қамтылған, оның 38,8%-ы өнеркәсіпте еңбек етеді. Өнеркәсіпке салынған инвестициялар негізінен жаңа кәсіпорын ашуға емес, жұмыс істеп тұрған кен орындары мен өндірістерді жаңғыртуға бағытталған. Сондықтан жаңа қызметкерлерді жаппай қабылдаудан гөрі, босап қалған орындарды толықтыру басым деп жауап берді орталық өкілдері.
"Басқаша айтқанда, жаңа жұмыс орындарының аз болуы әрдайым экономиканың әлсіздігін білдірмейді. Бір өңірде инвестициялар жаңа өндірістерді іске қосуға жұмсалса, екіншісінде қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейтуге немесе жаңғыртуға бағытталады. Сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамту үлесі жоғары өңірлерде еңбек нарығының едәуір бөлігі ресми статистикада көрінбей қалады. Сондықтан жаңа жұмыс орындарының өңірлер бойынша айырмашылығын бағалағанда тек абсолют сандарға емес, еңбек нарығының құрылымы мен инвестицияның сипатына да назар аудару қажет", – деп түсіндірді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
Қазақстандықтардың жұмыстан жаппай кетуіне не себеп?
Қазақстанда қызметкерлерді жұмыстан шығарудың басты себебі қысқарту да, кәсіпорындардың жабылуы да емес. Ұлттық статистика бюросының дерегі еңбек нарығында мүлде басқа үрдіс қалыптасқанын көрсетеді. Былтыр жұмыстан шыққан 1 млн 108 мың 429 қызметкердің 883 мың 739-ы, яғни шамамен 80%-ы жұмыс орнын өз еркімен ауыстырған. Ол дегеніміз жұмыстан кеткен әрбір бес адамның төртеуі өз өтінішімен кеткен.
Ал қысқартуға байланысты жұмыстан шыққандардың саны небәрі 16 мың 982 адам, кәсіпорынның таратылуына байланысты кеткендер – 2 мың 643 адам, еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан шығарылғандар – 7 мың 32 адам, ал лауазымына сәйкес келмегені үшін жұмыстан босатылғандар бар болғаны 402 адам. Демек, еңбек нарығындағы негізгі мәселе қысқарту емес, кадрлардың жұмыс орнын жиі ауыстыруы.
Кімдер көбірек жұмыстан кетіп жатыр?
Білім деңгейіне қарай қарасақ, жұмыстан ең көп кеткендер – техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар қызметкерлер. Бір жыл ішінде осы санаттағы 484 мың 215 адам жұмыстан шыққан. Жоғары білімді қызметкерлер арасында көрсеткіш 360 мың 795 адам, ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлар арасында 25 мың 574 адам болды.
Білім деңгейлері
Егер жұмыстан шыққандарды жыл басындағы қызметкерлер санына шақсақ, техникалық және кәсіптік білімі бар қызметкерлердің 32,6%-ы, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлардың 23,3%-ы, ал жоғары білімді қызметкерлердің 19,4%-ы жұмыс орнын ауыстырған.
Мұның бәрі техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар арасында кадр тұрақсыздығы жоғары екенін көрсетеді. Мұндай мамандар көбіне өндіріс, құрылыс, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Осы салаларда жалақы деңгейінің өзгеруі, ауыр еңбек жағдайы немесе жұмыс берушіні жиі ауыстыру тәжірибесі жиірек кездесуі мүмкін.
Алматы – кадр ең көп ауысатын қала
Өңірлер арасында да айырмашылық айқын байқалады. Өз еркімен жұмыстан кеткендердің ең көп саны Алматы қаласында – 204 мың 797 адам. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Екінші орында Астана – 100 мың 826 адам, үшінші орында Қарағанды облысы – 62 мың 415 адам.
Бір қарағанда осы өңірлерде кадр тұрақсыздығы жоғары сияқты көрінеді. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Алматы мен Астана – еңбек нарығы ең үлкен қалалар. Мұнда бос жұмыс орындары көп, жұмыс берушілер арасында бәсеке жоғары, сондықтан қызметкерлер де жақсы жалақы немесе тиімді еңбек жағдайын іздеп жұмысын жиі ауыстырады.
Ал Ұлытау облысында өз еркімен жұмыстан кеткендер саны 9 мың 805 адам, Қызылорда облысында – 16 мың 905 адам, Жетісу облысында – 17 мың 73 адам болды. Дегенмен осы өңірлерде кадрлардың тұрақты екенін білдірмейді. Керісінше, еңбек нарығының көлемі шағын болғандықтан, жұмыс орнын ауыстыру мүмкіндігі де аз болуы ықтимал.
Атырауда неге қысқарту көп?
Қызметкерлер санының қысқаруына байланысты жұмыстан шығарылғандардың ең жоғары көрсеткіші Атырау облысында – 4 мың 640 адам. Бұл республикадағы барлық қысқартудың төрттен біріне жуық. Одан кейін Алматы қаласы – 2 мың 195 адам, Астана – 2 мың 82 адам, Маңғыстау облысы – 1 мың 527 адам тұр.
Осы көрсеткіштер аталған өңірлердің экономикасында мұнай-газ, құрылыс және ірі өндірістік жобалардың үлесі жоғары екенін аңғартады. Мұндай салаларда жобалар аяқталған кезде немесе мердігер ұйымдар ауысқанда қызметкерлердің қысқаруы жиірек кездесуі мүмкін.
Еңбек тәртібін бұзғандар қай өңірде көп?
Еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан шығарылғандардың ең көп саны Қарағанды облысында – 1 мың 426 адам. Одан кейін Алматы қаласы – 1 мың 17 адам, Павлодар облысы – 767 адам, Қостанай облысы – 532 адам, Ақмола облысы – 498 адам орналасқан.
Осы өңірлерде өндірістік кәсіпорындардың үлесі жоғары болғандықтан, еңбек қауіпсіздігі мен ішкі тәртіпке қойылатын талаптар қатаң болуы мүмкін.
Сондықтан еңбек тәртібін бұзу фактілері де жұмыстан шығаруға жиі негіз болады.
Өңірлер арасындағы мұндай үлкен алшақтық заңды түрде сұрақ туғызады. Неліктен Алматыда жаңа жұмыс орындары ең көп құрылса, Шымкенттің көрсеткіші бірнеше есе төмен? Ал Қостанай мен Ұлытау облыстары неге тізімнің соңында қалды? Осы айырмашылықтың себептерін білу үшін редакция "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдады.
өз еркімен кеткендер
Өңірлер арасындағы алшақтық қалай азаяды?
Жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланып жатқанда, қалған өңірлерде бұл теңгерімсіздік қалай реттеледі?
"Жаңа жұмыс орындарының өңірлер бойынша шоғырлануы еңбек нарықтарының көлеміндегі айырмашылықтар, демографиялық үрдістер, экономиканың құрылымы және инвестициялық жобалардың іске асырылуы сияқты бірқатар факторларға байланысты. Ірі қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан өңірлерде жұмыс күші мен жұмыспен қамтудың өсуі жаңа жұмыс орындарының көбірек құрылуына ықпал етеді", – деп түсіндірді орталық.
Сонымен бірге орталық өңірлердегі жұмыспен қамтуды теңестіру үшін мемлекет бірнеше бағытқа басымдық беретінін айтты. Атап айтқанда, Enbek.kz платформасына жасанды интеллект енгізу, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, еңбек нарығына сұранысқа сай мамандар даярлау және уақытша жұмыспен қамту шараларынан тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге көшу жоспарланып отыр.
Орталықтың болжамынша, 2026 жылы кадрларға ең жоғары жаңа сұраныс Алматыда (14,9 мың адам), Астанада (8,8 мың), Қарағанды және Алматы облыстарында (әрқайсысы 7 мың) қалыптасады. Ал ең төмен сұраныс Ұлытау (1,3 мың), Солтүстік Қазақстан (2,6 мың), Абай (2,6 мың) және Жетісу (2,8 мың) облыстарында қала беруі де мүмкін.
Осы мәселеге қатысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,9 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 1 шілдедегі есеп бойынша 249,7 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның 96,4 мыңы жұмыс берушілердегі бос жұмыс орындарына, 77 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына, 66,3 мыңы жеке бастамалар аясында, ал 10 мыңы ұлттық жобалар арқылы еңбекке тартылған.
Министрлік өңірлер арасындағы айырмашылықты әр облыстың экономикалық ерекшелігімен түсіндіреді.
"Әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жаңадан құрылатын жұмыс орындарының санына және сол жұмыс орындарына орналасатын адамдардың санына әсер етеді. Атап айтқанда, өңірдің экономикалық белсенділігі, инвестициялар көлемі, инвестициялық жобалардың іске асырылуы, кәсіпкерліктің дамуы, экономика құрылымы және жұмыспен қамтылған халық саны ескеріледі", – деп жауап берді министрлік.
Ведомствоның пікірінше, жаңа жұмыс орындарының құрылуы тұрақты бақылауда. Егер жоспардан ауытқу болса, оның себептері жергілікті әкімдіктермен бірге талданып, қосымша шаралар қабылданады.
Фото: magnific.com