↑
Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады

Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады

Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады

Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес құру ұсынылды. Бұл туралы Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков Құрылтай отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа Кеңес Құрылтай мен өңірлердің өкілді органдары арасында тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Құрылтай өңірлермен, ең алдымен, олардың өкілді органдары – мәслихаттармен тұрақты байланыс орнатуы қажет, – деді Әмірбек Оспанбеков.
Оның айтуынша, мәслихаттар халықпен тікелей жұмыс істейді, өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін жақсы біледі және Құрылтай қабылдаған заңнамалық шешімдердің жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп отырады.
Ұсынылып отырған Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – мәслихаттардың заңдарды әзірлеу мен талқылау жұмысына тұрақты қатысуын қамтамасыз ету және олардың жергілікті жерде қолданылуына қатысты кері байланыс алу.
Сонымен қатар Кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ өңірлерді дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Кеңес жұмысының маңызды бағыттарының бірі заңдардың құқықтық тұрғыдан қолданылуына мониторинг жүргізу болмақ.
Сапалы заң қабылдап қана қоймай, оның нормаларының іс жүзінде қалай қолданылатынын ұғыну маңызды, – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, мәслихаттардың қолданыстағы заңнаманы қолдану барысында туындайтын проблемалар туралы ақпараты жүйеленіп, талданады. Олардың ұсыныстары заңнаманы одан әрі жетілдіру үшін тиісті жұмысқа бағытталмақ.
Бұл бірнеше өңірге ортақ мәселелерді анықтап, оларды жинақтауға және заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Кеңес өңірлердегі оң тәжірибелерді зерделеп, оларды басқа аймақтарға таратуға атсалысады. Оның жұмысына облыстық мәслихаттармен қатар аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары да қатыса алады.
Мәслихаттардың бюджеті мен өкілеттіктері, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және басқа да бағыттар бойынша мәселелерді қарау үшін тақырыптық жұмыс топтарын құру жоспарланып отыр. Олардың жұмысына Құрылтай және мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Кеңестің құрамына Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің өкілдері, мәслихаттармен жұмыс тәжірибесі бар депутаттар, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ облыстардың, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары төрағаларын енгізу ұсынылды.
Өңірлермен тұрақты байланысты Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық қамтамасыз етеді. Олардың әрқайсысына бес өңірден бекітіледі. Хатшылық мәслихаттармен байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін жинақтайды, көтерілген мәселелердің қаралу барысы мен нәтижелері туралы өңірлерді хабардар етеді.
Ал талдамалық жұмысты Парламентаризм институты қамтамасыз етеді. Институт мәслихаттардан келіп түсетін ұсыныстарды зерделеп, өңірлердің жүйелік проблемаларын жинақтайды және заңдардың құқықтық тұрғыдан қолданылуына мониторинг жүргізу бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Әмірбек Оспанбековтің айтуынша, нәтижесінде Құрылтай мен мәслихаттар арасында тұрақты өзара іс-қимыл арнасын қалыптастыру көзделіп отыр.
Біз қабылдаған заңдардың жергілікті жерлерде қалай жұмыс істейтіні туралы уақтылы ақпарат алу, туындаған проблемаларды көру және оларды заңнамалық тұрғыда шешуде өңірлердің ұстанымын ескеру маңызды, – деді ол.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі