Қазақстанда 2027 жылдан бастап жәрдемақы төлеудің жаңа ережелері бекітілді
Қазақстанда 2027 жылдан бастап жәрдемақы төлеудің жаңа ережелері бекітілді
Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау ережелері өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілетін болады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкімет жәрдемақының 10 түрінен тұратын тізімді, сондай-ақ оларды тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау және төлеуді тоқтату шарттарын бекітті.
Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Қандай жәрдемақылар жаңа ережелер бойынша тағайындалады
Бекітілген тізбеге мыналар енді:
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы.
Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған, сондай-ақ "Батыр ана" атағын алған немесе "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, бала асырап алушыларға және қорғаншыларға берілетін жәрдемақы.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.
Қаулыда жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау тәртібі бөлек реттелген.
Кімдерге жәрдемақы беруден бас тартылуы мүмкін?
2027 жылдан бастап бекітілген тізбедегі жәрдемақылар мұқтаждық қағидаты бойынша беріледі. Бұл мемлекет отбасының немесе жеке тұлғаның материалдық жағдайын бағалайтынын білдіреді.
Ол үшін қазақстандықтар әлеуметтік әл-ауқаттың бес деңгейіне бөлінеді:
А - әл-ауқаттың жоғары деңгейі. Тұрақты табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар.
B - ауқатты деңгей. Тұрақты табысы, баспанасы және салыстырмалы түрде тұрақты қаржылық жағдайы бар отбасылар.
C - қанағаттанарлық деңгей. Табысы аз, несиелері болуы мүмкін және қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар.
D - экономикалық жағынан осал деңгей. Табысы төмен, қарыздары бар немесе жұмысқа орналасуда қиындықтары бар отбасылар.
E - экономикалық және әлеуметтік жағынан осал деңгей. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар.
Қаулыға сәйкес, алушылардың жекелеген санаттарын қоспағанда, әлеуметтік әл-ауқаты жоғары (А) және ауқатты (B) деңгейдегі азаматтарға жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлем алу құқығы жүрмейді.
Егер адам қазірдің өзінде жәрдемақы алып жүрсе, бірақ бағалау нәтижесі бойынша осы екі санаттың біріне жатқызылса, төлем тоқтатылуы мүмкін.
Бұл ретте ай сайынғы қайта бағалау қарастырылған. Егер материалдық жағдай өзгеріп, адам C, D немесе E санаттарына өтсе, төлемді қайта бастауға болады.
Жаңа шектеулер кімдерге әсер етпейді?
Қаулыда ерекше жағдайлар ескерілген. Әл-ауқат деңгейін бағалау мынадай жәрдемақыларды тағайындау кезінде қолданылмайды:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен және басқа да көзделген марапаттармен марапатталған, жасына байланысты зейнетақы алатын көпбалалы аналарға.
Мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға - мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау кезінде.
Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға - асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау кезінде.
Әлеуметтік кодекстің 190-бабында көрсетілген арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың жекелеген санаттарына, оның ішінде кейбір зейнеткерлерге.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы алушыларға.
Осылайша, мұқтаждықты бағалаудың жаңа ережелері аталған төлемдерді алушылардың барлығына бірдей қолданылмайды.
Қандай мәліметтер тексеріледі?
Жәрдемақы тағайындау үшін отбасының кәмелетке толған мүшелері мен алушылар дербес деректерді жинауға, өңдеуге және тексеруге келісім беруі қажет.
Оның ішінде мемлекет мынадай ақпараттарды ала алады:
банк шоттары және банктік құпияны құрайтын басқа да мәліметтер туралы;
несиелер бойынша берешек сомалары туралы;
ай сайынғы төлемдердің мөлшері туралы;
мерзімі өткен және қалған қарыздар туралы.
Бұл мәліметтер әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалау үшін пайдаланылады.
Мұндай келісімнің болмауы жәрдемақы төлеуді тоқтата тұруға негіз болады.
Төлемдер тағы қандай жағдайларда тоқтатылуы мүмкін?
Әл-ауқат деңгейінен бөлек, қаулыда жәрдемақыларды тоқтата тұрудың басқа да негіздері қарастырылған. Олар төлем түріне қарай ерекшеленеді.
Мұндай негіздердің қатарында мыналар бар:
алушының банктік шоты бойынша үш ай және одан да көп уақыт бойы шығыс операцияларының болмауы;
Қазақстан аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету;
бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеу;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мемлекеттің толық қамсыздандыруында болу;
жекелеген құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуы;
жәрдемақы тағайындауға әсер еткен жалған мәліметтердің анықталуы.
Кейбір жағдайларда төлемдер тоқтатыла тұруына себеп болған жайттар жойылғаннан кейін қайта басталуы мүмкін.
Әл-ауқатты бағалаудың жаңа жүйесі туралы не белгілі?
Атап айтқанда, жәрдемақы мен төлемдердің 14 санатына қатысты өзгерістер талқыланды. Енді үкімет мемлекеттік жәрдемақының 10 түрі көрсетілген қаулыны бекітті. Бұған дейін бөлек қаралған санаттардың бір бөлігі арнаулы мемлекеттік жәрдемақының бір түріне біріктірілді, ал жерлеуге арналған төлем бөлек реттеледі.
Бңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жүйе көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға жетуі үшін мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыруы тиіс деп түсіндірді.
Бұл ретте 2027 жылдан бастап жәрдемақы тағайындау үшін отбасылардың әл-ауқатын бағалайтын түпкілікті әдістеме әлі бекітілген жоқ.
Фото: Tengrinews.kz