↑
Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ана тілі болмаса да, өз тілі. Қазақ тілі - бірлік пен ынтымақ тілі

Ана тілі болмаса да, өз тілі. Қазақ тілі - бірлік пен ынтымақ тілі

Ана тілі болмаса да, өз тілі. Қазақ тілі - бірлік пен ынтымақ тілі

– Қайырлы күн! Қалыңыз қалай? – деп амандасты менімен Эльдана Габерман.
Мен сәл кідіріп қалдым. Өйткені погон таққан әскери киімдегі аққұба қыздың қазақша сәлемдескенін күнде көре бермейсің. Дегенмен бүгін бұған таңғалудың еш реті жоқ сияқты.
10 қарашада Тәуелсіздік сарайында адам қарасы көп: мұнда "Қазақ тілі" қоғамының мерейтойлық құрылтайы өтіп жатыр. Айналадағы жұрттың бәрі қазақша сөйлейді: шешендер, немістер, орыстар – сан түрлі ұлт өкілі. Биік мінбер мен құрылтай кулуарында тағы не айтылды – Tengrinews тілшісінің репортажында.
Өмір жырына айналған "Әлия"
Мен Эльданамен тілдесе бастадым. Ол қазақ тілін қалай меңгергені қызық болды. Бірақ бұл сұрақ оны ешқашан мазаламаған сияқты – тіл оның бойында әу бастан бар. Сырт келбеті ғана оның неміс қызы екенін аңғартады.
Ол Павлодар облысының Шарбақты ауылында өскен, көршілері мен достарының көбі қазақтар болған.
"Қазақ тілін отбасымнан білемін. Мектепте де қазақша оқыдым", – дейді Эльдана.
Кейін ол әскерге барды. Қызмет ету оның болмысына жақын болғанын айтады.
Эльдана Габерман "Қазақ тілі" халықаралық қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп тұр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ару Сәтбаева
Қазір Эльдана – Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі. Мен одан ең сүйікті әні қандай екенін сұрадым. Ол әндерді тізбелемей, ойланбастан: "Мені әрқашан алға жетелеген бір ғана ән бар", – деп жауап берді.
Сөйтті де, атақты Роза Рымбаеваның орындауында көпшілікке белгілі "Әлия" әнін айта бастады. Эльдана байсалды, біреуді таңғалдыруға тырыспай шырқады. Ол үшін бұл үйреншікті жағдай.
Бұл күні мемлекеттік тіл тек Тәуелсіздік сарайында немесе ән болып қана әуелеген жоқ. Бүгінде әлемдік көрерменге таныс кейіпкерлер де қазақша сөйлейді.
Шах-Мұрат Ордабаев 2015 жылдан бері қазақша дубляжбен айналысады. Оның алғашқы жобасы "Галактика сақшылары. 2-бөлім" болды. Содан бері Disney, Pixar және Sony кейіпкерлері – Өрмекші-адам, Темір адам, Моана, Муфаса және басқа да кейіпкерлер қазақша сөйлей бастады.
Шах-Мұрат Ордабаев. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ару Сәтбаева
Ол қазақша дубляжға қызығушылық артып келе жатқанын айтады. Бұл әсіресе тілі жаңа шығып, оқып, қоршаған ортаны тани бастаған балалар үшін маңызды.
""Мұзды өлкедегі" Эльза кішкентай қызбен қазақша сөйлесіп, қазақша ән айтсын. Ақшақар мен Күлшеқыз да солай етсін. Барлық ханшайым бүлдіршінмен оның ана тілінде сөйлесуі керек. Why not?" – дейді ол.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев та ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түскенін айтты. Президент төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін "жұмсақ күшке" айналып келе жатқанын атап өтті.
"Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс тапты. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан аса кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ару Сәтбаева
Бірде Шах-Мұрат бұл іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көрді. Фокус-топта кішкентай қыз мультфильм көріп отырып, кенет анасына: "Мына Су перісі де мен сияқты қазақша сөйлейді екен ғой! Күлшеқыз да – ол да мен сияқты қазақша сөйлейді" депті.
Ол мұның бәрі дәл осындай сәттер үшін жасалып жатқанын айтады. Ана тіліміз тек күнделікті өмірде ғана емес, кинотеатр экрандарынан да, балалар сенетін әрі өздеріне үлгі тұтатын кейіпкерлердің аузынан естілсе дейді.
"Қазақ тілі қанымда бар"
Залдағы шу басылды. Президент қазақ тілінен жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдеріне ризашылығын білдірді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар, әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да бар.
Анастасия Нұғманова бұл сөздерді жымиып тыңдап отырды. Ол үшін бұл жай сөздер емес, өз өмірінің тарихы.
"Қазақ тілі менің қанымда бар шығар", – дейді ол.
Үлкен ағалары анасын "апа" деп атайтын, ал шай ішерде: "Апа, шай қойшы", – деп сұрайтын.
Анастасия Нұғманова. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ару Сәтбаева
Қазір қыз қазақ тілінен сабақ береді. Оның дәрістеріне әртүрлі ұлт өкілдері келеді. Ол кейбір шетелдіктерге жай ғана жаңа сөздерді үйрену аздық ететінін байқайды. Олар Қазақстан халқы қалай өмір сүретінін түсінгісі келеді, ел мен мәдениеті туралы көбірек білуге құштар.
Сондықтан сабақ ережені ұзақ талдаудан басталмайды. Анастасия оқушыларды бірден сөйлетуге тырысады. Ол қатеден қорықпайды – адамның сөздерді біле тұра, дауыстап айтудан жасқанғаны әлдеқайда қиын.
"Егер сөйлеуге қорықсаңыз, тілді ешқашан үйрене алмайсыз", - деп түсіндіреді ол.
Кейде сабақтар музыкамен сүйемелденеді. Бала кезінде Анастасия "Меломен" тобының "О, махаббат" әнін жақсы көретін. Сөздерін толық түсінбесе де, таныс әуенді қайта-қайта тыңдайтын. Қазір бұл әнді оқушыларына қойып береді. Олар бірге шырқап, бейтаныс сөздерге келгенде тоқтап, мағынасын талдайды.
Қазір Анастасия қыз тәрбиелеп отыр. Қызы төрт жаста, қазақ балабақшасына барады.
"Бәлкім, бір күні қызым да қазақ тілі қанымда бар деп әзілдейтін болар", - деп жымияды Анастасия.
Күтпеген марапат

Бір кезде әдетте тасада жүретін жандар жұртшылықтың назарына ілігеді. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға мемлекеттік наградаларды табыстайды.
Иелерін күткен марапаттар. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ару Сәтбаева
Шах-Мұратқа алғыс хат табыс етілді.
- Қандай сезімдесіз? - деп сұраймын одан рәсімнен кейін.
- Сезімім сан алуан, - деп жымияды ол. - Түрлі сезімдемін. Өйткені мен сахна сыртындағы адаммын ғой. Бірақ бұл өте толқынысты, ерекше жағдай. Марапатты, әдетте, танымал әртістер, былайша айтқанда, жылтырақ басылымдардың кейіпкерлері алып жатады. Мен ол ортадан емеспін. Дегенмен, әрине, өте қуаныштымын.
Бұдан Эльдана Габерманның есімі аталады. Оған "Құрмет" ордені табысталады.
Мен оны марапаттаудан кейін тағы жолықтырдым. Эльдана әлі де қатты толқып тұр екен.
- Мүлдем күтпеген едім, - деді ол, терең тыныс алып. - Мен үшін бұл нағыз тосынсый болды, қайтып бара жатқанда жылап жібере жаздадым. Бір ғана ойым болды: қазір анама қоңырау шаламын.
Президенттің осы күні айтқан сөздеріне оралайық. Тоқаевтың мінберден жолдаған басты ойы қарапайым: қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес, мемлекеттік тіл - ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор.
"Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек. Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. "Бірлік бар жерде тірлік бар", бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет", - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ойдан сол күні өз көзіммен көрген жайттардың мәнін анық түсінгендей болдым. Күннің басында кездескен Эльдана есіме түсті. Оның "Әлия" әнін орындағаны, ақшыл шашы, әскери киімі және мені бір сәтке абдыратып тастаған алғашқы сәлемдесуі көз алдыма келді.
Әңгіме басында неміс қызы қазақ тілінде қалайша соншалықты жақсы сөйлейтінін сұрағым келген еді. Енді сол сұрақтың мәні сәл басқаша екенін түсіндім.
Бұдан да маңызды сұрақтар бар: тіл қашан бөтен болудан қалады? Қазақ тілі қашан ана тіліңе айналады? Сол тілде ән айта бастағанда ма? Әлде Су перісі өзің сияқты сөйлегенін естігенде ме?
Бәлкім, мұның бәрі қарапайым амандасудан басталатын шығар: "Қайырлы күн! Қалыңыз қалай?"

Фото: Ақорда баспасөз қызметі