Астанада оқушылар арасында республикалық айтыс өтеді
Астанада оқушылар арасында «Кітап оқитын ұлт– Зерделі ұлт» республикалық оқушылар айтысы (Қола домбыра айтысы) өтеді.
Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі (ҚР Оқу-ағарту министрлігі) және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің ұйымдастыруымен биыл үшінші жыл өткізілмек. Еліміздің барлық өңірлерінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы жиырма дарынды оқушы бақтарын сынап, сөз бен домбыраның құдіретін паш етеді.
Айтыстың мақсаты – жастар арасында кітап оқуды насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу, жас дарындарды қолдау және олардың сөз маржанын ұштау.
Жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.
Жас ақындар кітап оқу мәдениеті, зерделі ұлт, адал азамат, әділетті қоғам, заң мен тәртіп қағидаты, ұлт бірлігі, мектеп пен ұстаз мәртебесі сияқты қазіргі уақыттағы ең өзекті тақырыптар аясында сөз сайыстырады:
Айтысты «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанхан жүргізеді.
Айтыскерлердің шеберлігіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Ринат Зайытов; айтыскер ақындар Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев, Талант Арынғали, Рауан Қайдаров сынды сөз өнерінің сарапшыларынан жиналған қазылар алқасы баға береді.
Жүлде қоры:
Бас жүлдеге – диплом, «Қола домбыра» арнайы домбырасы және ақшалай сыйақы;
І, ІІ, ІІІ орын иелеріне – дипломдар мен ақшалай сыйақы;
Сондай-ақ, арнайы ынталандыру сыйлықтары тағайындалады.
Айтыстың іріктеу кезеңі 12 қазан мен 17 қараша аралығында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» өңірлік филиалдары арқылы сәтті өтті. Өткен жылы бас жүлдені Жамбыл облысынан келген жас айтыскер Жаңабай Інжу Есетқызы жеңіп алған. Інжу қазіргі таңда ЕҰУ филология факультетінің 1 курс студенті.
Фото: anatili