Қазақстан паспорты әлемдік рейтингте жоғарылады
Қазақстан паспорты әлемдік рейтингте жоғарылады
Қазақстан паспорты Henley Passport Index әлемдік рейтингіндегі позициясын нығайтты. 2026 жылға арналған жаңартылған мәліметтер бойынша, ел 57-орынға көтерілді, ал Қазақстан азаматтары 78 мемлекетке визасыз бара алады.
Қазақстан нешінші орында?
Henley & Partners жаңартылған индексіне сәйкес, қазақстандық паспорт жаһандық рейтингтегі көрсеткіштерін жақсарта түскен.
Егер 2023 жылы Қазақстан 70-орында болса, 2024 жылы - 66-орынға, 2025 жылы - 61-орынға тұрақтап, енді 57-сатыға көтерілді. Осылайша, соңғы 2,5 жылда ел паспорты 13 позицияға ілгеріледі.
Рейтингте еліміз Боливия мен Беларусьтен жоғары орналасқанымен, Косово мен Қытайға жол берді
Орталық Азияның өзге елдері нешінші орында тұр?
Көршілес елдер арасында Қазақстан тізімнің орта тұсында келеді. Мәселен, Қырғызстан мен Өзбекстан 73-орынды бөлісті - олардың азаматтарына 59 ел визасыз қолжетімді. Тәжікстан 53 елге шығу мүмкіндігімен 79-сатыға жайғасса, Түрікменстан 87-орынға (45 ел) тұрақтады.
Ресей 113 бағытпен 44-орында, Беларусь — 58-орында, Әзірбайжан 67 елмен 66-позицияда орналасты.
Ең қуатты және ең әлсіз паспорттар
Рейтинг көшбасшысы Сингапур атанды - оның паспорты 192 елге визасыз саяхаттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Жапония мен Оңтүстік Корея үздіктер қатарында, бұл елдердің азаматтары 187 мемлекетке визасыз бара алады. Толық тізім келесідей:
Сингапур;
Жапония;
Оңтүстік Корея;
БАӘ;
Швеция;
Бельгия;
Дания;
Финляндия;
Франция;
Германия;
Ирландия;
Италия.
Ең аз еркіндік Ауғанстан паспортында. Бұл ел азаматтары небәрі 24 мемлекетке визасыз бара алады, сәйкесінше, рейтингте соңғы сатыға жайғасқан. Сондай-ақ тізімнің соңында мына елдер бар:
Ауғанстан;
Сирия;
Ирак;
Йемен;
Пәкістан;
Сомали;
Солтүстік Корея;
Непал;
Бангладеш;
Эритрея;
Шри-Ланка;
Палестина.
Henley паспорттар индексі - бұл қозғалыс еркіндігінің жаһандық рейтингі. Ол белгілі бір елдің паспортымен қанша мемлекет пен аумаққа визасыз баруға болатынын көрсетеді. 2025 жылға арналған жаңартылған нұсқада әлем бойынша 199 паспорт пен 227 бағыт ескерілген.
Есептеу үшін визалық ережелерге негізделген ұпайлар жүйесі қолданылады:
егер азамат елге визасыз кіре алса, паспортқа 1 ұпай беріледі;
егер виза барған кезде (on arrival), қонақ рұқсаты немесе электронды кіру рұқсаты (ETA) арқылы берілсе (баратын ел үкіметінің алдын ала мақұлдауын талап етпеген жағдайда) - 1 ұпай;
егер сапарға дейін виза немесе e-Visa рәсімдеп, биліктен мақұлдау алу қажет болса, паспортқа 0 ұпай беріледі.
Фото: depositphotos.com