Қазақстанда жыл соңына қарай инфляция 10 пайыздан төмен болады – вице-министр
Қазақстанда жыл соңына қарай инфляция 10 пайыздан төмен болады – вице-министр
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенаттағы Үкімет сағатында депутаттардың инфляцияның өсуіне қатысты сұрағына жауап беріп, ведомство 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмендейді деп күтіп отырғанын айтты
Қазіргі таңда инфляцияның динамикасы төмендеу бағытында. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмен болады деп күтіп отырмыз, – деді вице-министр.
Бағаның өсуіне не әсер етеді?
Арман Қасенов инфляцияға бірнеше фактор әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, несиелеу – сол себептердің бірі ғана.
Қазақстандағы инфляцияға әсер ететін факторлардың қатарында несиелеудің өсуі, әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы, тарифтер және басқа да себептер бар. Біз бұл факторлардың бәрін егжей-тегжейлі зерттедік, – деді ол.
Вице-министр несиелеу шынымен де инфляцияны күшейтетін факторлардың бірі екенін мойындады. Алайда оның пікірінше, бұл мәселеде «Бәйтерек» холдингінің ықпалы тым асыра бағаланып отыр.
«Бәйтерек» 8 трлн теңгені игерді деген ақпарат айтылып жатыр. Бұл рас. Бірақ бұл қаражаттың едәуір бөлігі қайта айналымға түсетін негізде пайдаланылды: қаржы беріліп, кейін қайтарылып отырған. Сондықтан бұл «Бәйтеректің» несие қоржыны дәл сондай көлемде ұлғайды дегенді білдірмейді, – деді Арман Қасенов.
«Бәйтерек» пен несиелеудің рөлі
Оның айтуынша, ресми есепке сәйкес, «Бәйтеректің» несие қоржыны 4 трлн теңгеден аз көлемде өскен. Ал «Отбасы банкін» есептемегенде, өсім шамамен 2,2 трлн теңгені құраған.
Вице-министр бұл көрсеткіштің банк секторындағы өсімнен әлдеқайда төмен екенін айтты. Оның сөзінше, банктердің бизнеске берген несиесі шамамен 4,5 трлн теңгеге көбейген.
Сонымен қатар «Бәйтеректің» маңызды ерекшелігі бар. Қайта айналымға түспейтін инвестициялық несиелер көбіне шетелдік технологияларды енгізуге және сырттан құрал-жабдық сатып алуға бағытталады. Сондықтан бұл қаржының едәуір бөлігі импортқа кетеді де, ішкі сұранысқа дәл сондай тікелей қысым түсірмейді, – деді ол.
Сөз соңында Арман Қасенов инфляция мәселесіне кешенді түрде қарау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, инвестициялық саясатты басқару кезінде жалпы несиелеу көлемін бағалап, соның ішінде басым және басым емес бағыттарды бөліп қарастыру маңызды.
Фото: baq.kz