↑
Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жастар және еңбек нарығы: Жұмыс табуға не кедергі?

Жастар және еңбек нарығы: Жұмыс табуға не кедергі?

Жастар және еңбек нарығы: Жұмыс табуға не кедергі? 

Дипломын алып, жұмыс іздеп жүрген жасқа көбіне «тәжірибе керек» дейді. Ал тәжірибе жинайтын орынның жалақысы күнделікті шығынына жетпеуі мүмкін. Жұмыс іздеумен бірнеше ай өтеді. Осы уақытта жас маман табысынан қағылып, кәсіби қалыптасуы кешігеді. Ал экономика оның еңбегімен жасалуы мүмкін өнім мен қызметтен ұтылады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9% болды. Елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Ал жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET жастарының үлесі 5,6% болған.
Бір қарағанда, жастар жұмыссыздығының жалпы деңгейден төмен болғаны жақсы көрінеді. Бірақ бұл жастардың бәрі тұрақты жұмыс пен жеткілікті табысқа қол жеткізді дегенді білдірмейді. Мәселені түсіну үшін қанша адамның жұмыссыз жүргенімен бірге, оларға қандай жұмыс, қай өңірде және қанша жалақыға ұсынылып отырғанына да қарау керек.
Жұмыссыздықтың шығынын кім көтереді?
Жас адамның табысы болмағанымен, күнделікті қажеттілігі тоқтамайды. Тамақ, жолақы, байланыс, баспанаға қаражат керек. Оны көбіне ата-анасы немесе жақындары көтереді.
Осылайша, бір адамның жұмыссыздығы отбасының ортақ бюджетіне салмақ салады. Баласын оқытып, енді өз күнін өзі көреді деп күткен ата-ана оны әрі қарай қамтамасыз етуі мүмкін. Жинаққа, емделуге немесе үй жағдайын жақсартуға арналған ақшаның бір бөлігі күнделікті шығынға кетеді.
Жұмыссыз жүрген жас та жоспарларын кейінге қалдырады. Қосымша білім алуды, бөлек шығуды, қажетті затын сатып алуды күте тұруына тура келеді. Мұндай жағдай көп отбасында қайталанса, жергілікті кәсіпкерлердің тауары мен қызметіне сұранысты да шектеуі ықтимал.
Алынбаған табыстың ауқымын шартты есеппен көрсетуге болады. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың екінші тоқсанына қатысты бағалауында елдегі медианалық айлық жалақы 348 415 теңге болған.
Өңірлердегі жалақы айырмасы таңдауға әсер етеді
Жастардың еңбек нарығындағы жағдайын өңірлердегі табыс айырмашылығынан бөлек қарастыру қиын. Жұмыс табылғанымен, ұсынылған айлық адамның өз күнін өзі көруіне жеткілікті ме деген сұрақ туындайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 486 388 теңге, ал медианалық жалақы 348 415 теңге болған. Екі көрсеткіштің айырмасы шамамен 138 мың теңге. Бұл - салықтар мен міндетті жарналар шегерілгенге дейінгі есептелген жалақы.
Осы айырмашылықтың өзі орташа жалақыны әр қызметкердің табысы ретінде қабылдауға болмайтынын көрсетеді. Әсіресе, еңбек жолын жаңадан бастаған жас маманға ұсынылатын айлық елдегі орташа көрсеткіштен өзгеше болуы мүмкін.
Өңірлер арасында да алшақтық бар.
2026 жылдың екінші тоқсанындағы өңірлік деректерде Маңғыстау облысындағы орташа айлық жалақы 673 656 теңге, ал Солтүстік Қазақстан облысында 363 123 теңге болған. Айырмасы - 310 533 теңге, яғни шамамен 1,9 есе.
Алайда басқа өңірдегі жоғары жалақы жас маман үшін бірден тиімді ұсынысқа айналмайды. Көшуге ақша, баспана жалдауға қаражат керек. Жаңа жердегі айлық жоғары болғанымен, шығын да көбейсе, қолда қалатын табыс күткендей болмауы мүмкін.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі өңірлердегі жалақы айырмашылығымен де байланысты. Халық Кеңесінің мүшесі, Білім және адами капитал комиссиясының төрағасы Мұрат Әбеновтің пікірінше, табыс алшақтығы білікті мамандарды ұстап қалуды қиындатуы мүмкін. Жалақысы жоғары қалалар мен өндірістік орталықтар мамандар үшін тартымды болса, олар кеткен өңірлерде кадр тапшылығын еңсеру күрделене түседі.
Әбенов еңбек ресурсы мол оңтүстік өңірлерде уақытша жұмыс орындарының санынан гөрі, тұрақты әрі лайықты ақы төленетін жұмыспен қамтуға назар аудару қажет екенін айтады. Ол тамақ және жеңіл өнеркәсіпті дамытып, жастарды нақты өндірістерге қажетті техникалық мамандықтарға даярлауды маңызды деп санайды.
Солтүстік және шығыс өңірлерде мамандарды ұстап қалуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беру керек. Ал Маңғыстау, Атырау және Ұлытау облыстарындағы жоғары орташа жалақы басқа салалардағы табыс мәселесін назардан тыс қалдырмауға тиіс,- деп жазады ол.
Оның бұл ұсыныстары жастарға жұмыс ұсынғанда өңірдің экономикалық жағдайын, еңбекақыны және маманға деген нақты сұранысты қатар ескеру қажеттігін көрсетеді.
Қандай мүмкіндіктер бар?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанының соңында статистикалық байқаумен қамтылған кәсіпорындар мен ұйымдарда 56 594 бос жұмыс орны болған. Оның 28,4%-ы өнеркәсіпке, 11,4%-ы көлік және жинақтау саласына тиесілі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға берген жауабында, жұмыссыз жүрген жастар  Enbek.kz арқылы түйіндемесін орналастырып, бос орындарға өтінім бере алады. Енгізіліп жатқан Цифрлық жұмыспен қамту қызметінде жасанды интеллект жұмыс іздеушінің біліктілігі мен қалауына сәйкес ұсыныстарды іріктеуге көмектеседі.
Жаңа дағды қажет болған жағдайда Skills Enbek платформасында тегін онлайн курстардан өтуге болады. Жұмыссыз ретінде тіркелгендерге білім беру ұйымдарында немесе тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында қысқа мерзімді кәсіптік оқу қарастырылған.
Кәсіби дағдысын ресми растағысы келетін азаматтар белгіленген талаптарға сәйкес Career Enbek арқылы біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге арналған ваучерге өтінім бере алады.
Өз ісін бастауды жоспарлағандарға Business Enbek арқылы «Бастау Бизнес» бойынша оқуға сәйкестігін тексеру және талаптарға сай болған жағдайда мемлекеттік грантқа үміткер болу мүмкіндігі бар. Ал еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару жөнінде Migration Enbek арқылы кеңес алуға болады.
Бұл мүмкіндіктердің әрқайсысы белгілі бір кедергіні азайтуға бағытталған.
Жастар жұмыссыздығының салмағы алынбаған жалақымен ғана шектелмейді. Отбасының шығыны артып, жас маманның тәжірибе жинауы мен дербес өмір бастауы кейінге қалады. Сондықтан жұмыспен қамтудың нәтижесін ұсынылған бос орындар санымен ғана емес, жастардың тұрақты жұмысқа орналасуы, табысы және кәсіби өсу мүмкіндігі арқылы бағалау маңызды.

Фото: BAQ.KZ